Жемқорларға өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысуына тыйым салынуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда комитет депутаттары Қылмыстық кодекс жобасын қарады.

Жоба қолданыстағы қылмыстық заңнаманы жетілдіру және азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің қорғалуын күшейту, Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған қылмыстық саясатты іске асыру мақсатында әзірленген. Қылмыстық кодекс жобасының тұжырымдамасына сәйкес оның міндеттері қалыптасқан қоғамдық қатынастардың трансформациялануы аясында қолданыстағы қылмыстық-құқықтық қорғау тетіктерін жаңғырту қажеттілігімен және жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің барабар қорғалуын қамтамасыз ету үшін айқындалған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі жобасының тұжырымдамалық ережелері бірқатар бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, кодекс жобасында қылмыстардан ғана емес, қылмыстық теріс қылықтардан да тұратын қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттердің екі буынды жүйесін енгізу көзделеді. Бұдан бөлек, ірі ақшалай айыппұлдар, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі, бас бостандығынан айыруға балама шараларды кеңінен қолдану қарастырылады. Сонымен қатар, құжат аясында онша ауыр емес және ауырлығы орташа барлық қылмыстарға, сондай-ақ ауыр қылмыстардың бір бөлігіне қолданылатын бас бостандығын шектеулер белгіленбек. Бұл жаза сотталған адамның пробациялық бақылауда болуын, сондай-ақ оны қоғамдық пайдалы жұмысқа тартуды көздейді әрі бұл криминалдықтан кейінгі мінез-құлқын түзетуді күшейтуге мүмкіндік береді. Бұнымен қоса, жобада сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықтың қатаңдатылуы ұсынылған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға белгілі бір қызметтерді атқаруға өмір бойына тыйым салу көзделсе, пара алғаны үшін санкциялар күшейтілген. Дәл осы секілді кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін санкцияның күшейтілуі, жас балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін сотталғандарға балалармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығына өмір бойына тыйым салудың енгізілуі де кодекс жобасының жаңалықтарына жатады. Бұдан бөлек, жаңалықтың бір парасы - медициналық қылмыстар туралы, оның ішінде жалған дәрілік заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылық туралы арнайы тараудың енгізілуімен байланысты. Экстремизм мен терроризм көріністері, радикалдық идеологияны таратқаны, оның ішінде жаңа технологияны пайдалана отырып таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықтың күшейтілетіні де қамтылған. Комитет депутаттары тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған құжатты Палатаға бірінші оқылымда қарауға жіберу туралы келісті.

Соңғы жаңалықтар