Жемқорлық бабымен түрмеде отырған 624 адамға рақымшылық заңы «көмектесе» ала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте Конституцияның 30 жылдығына орай кейбір сотталғандарға рақымшылық жасауды көздейтін заң жобасы талқыланып жатыр. Талқылау кезінде депутаттар бұл заң жемқорлықпен сотталғандардың босап кетуіне жол ашпай ма деп алаңдайтындарын байқатты.

Әблязовтың тағы бір сыбайласы Қазақстанға өз еркімен қайтарылды
Фото: Polisia.kz

- Заң жобасының екінші бабына сәйкес, қылмыс жасаған адам әлдекімге зиян келтірмесе немесе зиянын өтесе, мұндай орташа қылмыс жасағандарға рақымшылық қолданылады екен.

Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың мерзімдерін қысқарту көзделген. Бізде сыбайлас жемқорлық деген бір дерт бар. Осылардың жағдайы не болады? Оларды біз рақымшылыққа жатқызамыз ба? Себебі жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Аздап жемқорлық, толық жемқорлық деген тағы болмайды. Сонда оны жеңіл қылмыс, ауыр қылмыс деген сияқты қалай жіктейсіздер, - деп сұрады депутат Ермұрат Бапи.

Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасының төртінші бабында рақымшылыққа ілінбейтін шектеулер нақты көрсетілген.

- Осы төртінші бапта қандай баптарға рақымшылық қолданылатыны нақты жазылған. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың барлық санаттағы істеріне рақымшылық қолданылмайтыны айқын көрсетілген. Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру мекемелерінде 624 адам осы сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстары үшін отыр. Олардың ешқайсысына да рақымшылық заңының талаптары қолданылмайды, - деді депутат. 

Еске салсақ, Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық аясында 4,1 мың адам босайтыны мәлім болған еді. 

Соңғы жаңалықтар