Жемқорлық ісі: басқарма басшысы Айбол Құлбаев куәгер ретінде жауап беріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Жемқорлық ісін тергеу аясында Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Айбол Құлбаев куәгер ретінде жауап беріп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев айтты.
Бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында А. Құлбаевтың ұсталғаны туралы хабарлаған еді. Алайда агенттік басшысының орынбасары бұл ақпаратты жоққа шығарды.
- Бізге осы іс бойынша өтініш түсті. Негізі, ол сол жерде басшы болған кездегі ведомствоға қатысты іс тергеліп жатыр. Бұған дейін оның ұсталғаны туралы қауесет тарап жатты, бірақ біз бұл ақпаратты растамаймыз. Ол мекеменің басқа қызметкерлерімен бірге тергеу іс-қимылдарына қатысып жүр. Біз сыбайлас жемқорлық ісін тергеп жатырмыз. Тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Ол қорғануға құқығы бар куәгер ретінде қатысып жүр, - деді Д. Құрақбаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, биыл ақпан айында Алматы облысы әкімінің өкімімен Айбол Құлбаев Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.