Жемқорлықпен күрес: құқық қорғау қызметкерлерін тестілеуді реттейтін нормалар енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің қарауына «Кәсіби парасаттылыққа тестілеу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат келіп түсті.

Жемқорлықпен күрес: құқық қорғау қызметкерлерін тестілеуді реттейтін нормалар енгізіледі
Фото: freepik.com

— Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына негізделіп, Үкімет тарапынан енгізілді. Құжатта жемқорлық фактілерін болғызбау мақсатында құқық қорғау және азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін тестілеуді реттейтін нормалар көзделген. Олардың құқықтары мен міндеттері регламенттеліп, тестілеу тағайындау негіздері және тестілеу нәтижелері бойынша жауапкершілік шаралары қарастырылған, — деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева палатаның жалпы отырысында.

Бұл тұрғыда қызметінде адал емес қызметшілер уақытылы анықталып, ықтимал сыйбайлас жемқорлық әрекеттерінен қоғамға келетін залалдың алдын алу мүмкіндігі болады.

— Бұл өз кезегінде халықтың осы органдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Ілеспе заң жобасында мемлекеттік құқықтық статистика, құқық қорғау қызметі туралы, дербес деректер және оларды қорғау жөнінде, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарға өзгеріс пен толықтыру енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, құқық қорғау қызметіне қабылданар алдында үміткер тестілеуге қатысуы мүмкін екендігі туралы алдын ала жазбаша хабардар етіледі. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, — деді депутат.

Еске сала кетейік, жақында Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елімізде қабылдаған шаралары туралы есеп берілді.

Соңғы жаңалықтар