18:13, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Жемқорлық әрекеті үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін құжатты депутаттар бірауыздан қолдады
АСТАНА.Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті қатайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Депутат Рамазан Сәрпековтың айтуынша, аталмыш құжат «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасындағы тапсырмалар мен партияның жемқорлықпен күреске бағытталған арнайы бағдарламасының
45-ші тармағында көрсетілген міндеттер мен партияның Мәжілістегі фракциясының іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында депутаттардың ұсынысымен дайындалып отыр. «Заң жобасы күшіне енсе, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы», «Еңбек туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», деді депутат. Оның сөзіне қарағанда, еліміздің «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 537-ші бабында мемлекеттік органдар басшыларының, не жауапты хатшыларының немесе өзге де лауазымды тұлғаларының сыбайлас жемқорлыққа жол берген өздеріне бағынышты адамдарға шара қолдануы үшін тиісті әкімшілік жаза қарастырылған. Ал Мәжіліс талқылауына ұсынылып отырған заң жобасында әкімшілік жазаны 200-ден 300 айлық көрсеткішке дейін көтеру жоспарланып отыр. «Ал Еңбек кодексіне сыбайлас жемқорлыққа жол берген лауазымды тұлғаларды қызметке алу мәселесі бойынша жауапкершілікті қатайту шаралары қарастырылған. Үшінші мәселе, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 10-шы бабында жемқорлықпен байланысты құқық бұзған азаматты тәртіптік жауапқа тарту мерзімі екі жылдан үш жылға дейін ұзартылып отыр. Заң жобасы жақында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шараларды іске асыру туралы» Елбасының Жарлығындағы талаптармен ұштасады», деді халық қалаулысы.