Жемқорлық белгілері бар құқықбұзушылықтар жасаған тұлғаларды қызметiнен төмендету ұсынылды
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы - Тәртіптік кеңесінің төрағасы Бақтияр Камаловтың төрағалығымен Тәртіптік кеңесінің отырысы өтті.
«Онда әрекеттерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасымен белгіленген жемқорлық белгілері бар құқықбұзушылық орын алған бас маманға және мемлекеттік сот орындаушыларға қатысты Алматы қаласының Прокуратурасы басқармасының тәртіптік өндіріс қозғау туралы қаулысына сәйкес, Алматы қаласы сот актілерін орындау департаментінің және Алматы қаласы бойынша Салық департаментінің жүргізілген қызметтік тексеру құжаттары қаралды», делінген агенттік мәліметінде.
Тәртіптік істерді қарау нәтижесіне орай, Алматы қаласы сот актілерін орындау департаментінің басшысына жемқорлық белгілері бар құқықбұзушылықтар жасаған тұлғаларға қатысты қызметiнен төмендету, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрiндегі тәртiптiк жазаларды қолдану туралы ұсыныстар жіберілді.
Алматы қаласы Жетісу ауданы бойынша Салық басқармасының бас маманы - бас салық инспекторына қатысты құжаттар, жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты Алматы қаласы бойынша Салық департаментіне қосымша қызметтік тексеру жүргізуге жіберілді.