Жемқорлық фактілері мемлекеттік сатып алу және жер қатынастары салаларында жиі кездеседі - Қаржы полициясы
Бұл туралы бүгін журналистерге ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы Дәулет Айтжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жемқорлық дендеген ведомстволардың қатарында мемлекеттік сатып алу және жер қатынастары саласын айтуға болады. Былтыр бұл салада әлдеқайда көп құқық бұзушылықтар тіркелді. Басқа органдарда жағдай бұған қарағанда, біршама тәуір», дейді Д. Айтжанов.
Өткен жылы Қаржы полициясы жемқорлыққа байланысты 153 әкімшілік және тәртіптік құқық бұзушылықтарды анықтады. Солардың ішіндегі істердің басым бөлігі қоғам арасында үлкен тербеліс тудырған еді.
Сыбайлас жемқорлық көріністерімен күрес жұмыстары алдын алу шараларымен де анықталады. Д. Айтжановтың атап көрсеткеніндей, Астана тұрғындары мен мемлекеттік органдар арасында бұндай шаралар кеңінен қолға алынып келеді. Мемлекеттік мекемелерде әрдайым семинарлар ұйымдастырылып, жемқорлыққа қарсы заңнаманың басты қағидаттары түсіндіріледі. «Мәселен, Астанада «Жастар жемқорлыққа қарсы» атты акциясы өткен болатын. Оған 52 мектеп, 5 колледж, 6 бейімдік лицей және қаланың барлық жоғары оқу орындары қатыстырылды», деп атап көрсетті ол.