Жемқорлық қатерін азайту мақсатында цифрлық техологиялар енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында комиссияның жаңа мүшелері таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең алдымен комиссия құрамына енген жаңа мүшелерді таныстырып өтейін. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша Наталья Годунова Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы болып сайланып, сонымен қатар комиссияның мүшесі болды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев те мүше болып отыр», - деді отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретіндігін атап айтқандығын еске салды.
«Азаматтардың Конституциялық құқықтарының сақталуын нығайту, құқықтық тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру мәселелеріне ерекше бөлді. Сонымен қатар ел Президенті мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналатындығына айрықша назар аударды», - деді ол.
Отырыста 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі 2015-2017 жылдардағы іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелері, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарындағы жемқорлыққа қарсы әрекет бағытында қабылданып жатқан шаралар қаралды. Аталған жоспар бойынша 63 іс-шара атқарылды. Оның ішінде 4 жаңа заң, 20 нормативтік-құқықтық акт әзірленіп, 8 ақпараттық жүйе іске қосылды, 36 ұйымдастыру іс-шарасы өткізілді.
Комиссия отырысының қорытындысында Мемлекеттік кірістер комитетінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерінің жұмысын жандандыру, қарауындағы қызметкерлерінің жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылығы үшін басшылардың жауапкершілігін арттыру, жемқорлық қатерін азайту үшін цифрлық техологияларды енгізу жөнінде тапсырмалар берілді.