Жемқорлық туралы хабардар еткендерді қаржылай ынталандырудың нақты тетігі болады - Қаржы полициясы
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасында осы қылмыстар туралы хабардар еткен азаматтарды ынталандыру тетігі бар.
Бүгінде біз оның нақты механизмін әзірлеп, ел Үкіметіне жолдадық. Бұл туралы бүгін журналистерге сұхбат берген ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин мәлім етті.
Оның хабарлауынша, жаңа жүйеге сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында құқық қорғау органдарына көмектесетін азаматтарды қаржылай ынталандырудың бірнеше деңгейі болады. «Ынталандыру сыйлығы қылмыстың ауыртпалығына қарай анықталады. Демек, жемқорлық сипаты бар жеңіл, орта және ауыр қылмыстар үшін әртүрлі сыйақылар берілетін болады. Меніңше, Үкімет осы жүйені қолдайтын болса, халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолындағы белсенділігі арта түседі», - дейді А.Лукин.