Жемқорлық туралы хабарлаған бес адам 650 мың теңге сыйақы алды – Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ағымдағы жылдың 8 айында 37 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы онлайн брифингте өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Арман Рахимов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Жауапкершілікке тартылған 37 адамның тең жартысы басшы болып табылады, оның ішінде 5 облыстық маңызы бар, 10 қалалық және аудандық, 1 ауылдық округ әкімі», - деді Арман Рахимов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Департаментпен 43 қылмыстық іс тіркелген, оның 67 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстарға жатады. Сотқа 30 іс жіберілді.

Сондай-ақ, аймақтық Антикор жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 5 фактісін анықтады, онда 12 қылмыс анықталып, 13 адам тартылды.

Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан ШОБ қызметіне заңсыз араласудың 7 фактісі, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың көлеңкелі экономика субъектілеріне қамқорлығының 2 фактісі анықталды. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды сүйемелдеу аясында 12 қылмыс тіркелді.

Ағымдағы жылдың 8 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша мемлекетке өтелген залал сомасы 900 миллионнан астам теңгені құрады.

«Департаменттің жедел жұмысын ұйымдастыру кезінде, ең алдымен, жүргізіліп жатқан әзірлемелердің сапасына, жүйелі сыбайлас жемқорлық, шағын және орта бизнеске заңсыз араласу және көлеңкелі экономиканы қорғау фактілерін әшкерелеуге баса назар аударылғанын атап өткен жөн», - деді спикер.

Сондай-ақ, Арман Рахимов қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ҚР Қылмыстық процессуалдық кодекстің 200-бабының негізінде ұсынымдар енгізілетінін хабарлады.

Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде облыстың Антикоры 41 ұсыныс енгізді. Оларды қарау бойынша өткізілген 20 кездесуге 400-ге жуық мемлекеттік қызметшілер мен түрлі ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Қаралған ұсыныстардың нәтижелері бойынша 26 лауазымды тұлға, оның ішінде 10 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 4 лауазымды тұлға жұмыстан шығарылды мен атқаратын қызметінен босатылды. Жартысынан көбі сөгіс пен ескерту алды, сондай-ақ, 7 адамға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз жұмысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын басшылыққа алады. Біздің азаматтарымызды осындай құқық бұзушылықтарға тап болған кезде 1424 Сall-орталығына дереу хабарлауға шақырамын», - деп түйіндеді ол.

Айта кету керек, осы жылдың басынан бері өңірде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 5 адам 650 мың теңгеден астам сомаға ынталандырылған.


Соңғы жаңалықтар