Жемқорлық үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі қалай енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісіне енгізілген заң жобасында жемқорлық үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі жазылған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған жауапкершіліктің қалайша қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, бірінші басшының қол астындағы қызметкер жемқорлық үшін ұсталса, сол басшының өзі жауапқа тартылады. Алайда алдымен арнайы тексеріс ұйымдастырылады.
«Бәріміз жақсы білеміз, өткен жылы Мемлекет басшысы Жолдауда нақты тапсырма берді. Қазір заң жобасы Парламентте бірінші оқылымнан өтті. Енді, екінші оқылым бар. Аталған құжатта жемқорлық үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі жазылған. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жасалмаса, бірінші басшы жауапқа тартылатын болады. Әрине, алдымен тексеріс болады. Ол басшы профилактикалық шараларды өткізді ме? Жоқ па? Жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік болды ма? Осының бәрі жан-жақты зерделенеді», - деді О.Бектенов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Агенттік төрағасының орынбасары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде басшылықтың ауысуы бұған дейінгі жоспарларға кері әсерін тигізбейтінін де жеткізді. Аталған министрліктің алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек (ол кезде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі - авт.) жемқорлық үшін бірінші басшының жеке жауапкершілігін енгізетінін мәлімдеген болатын.
«Өткенде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен кездескенде біз былай келістік. Егер аумақта бір басшы ұсталса, онда осы салаға жауапты комитет төрағасы немесе оның орынбасары отставкаға кетуі керек. Қазір біз агенттікпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бәлкім, ортақ бір құжатты қабылдаймыз. Алайда бұдан былай менде осындай ұстаным болады. Мәселен, бір саланың басшысы парамен ұсталса, комитет төрағасының орынбасары жұмыстан кетуі тиіс. Ал жергілікті жерде инспектор қолға түссе, бірден департамент басшысы жұмыстан кетеді. Бүгін мен уәде беремін, инспектор парамен ұсталса, департамент директоры жұмыстан қуылады. Ал департамент басшысы ұсталса, комитетте өзгерістер болады. Орталық аппаратта да солай болады. Оның бәрі маған да қатысты», - деді Ж.Қасымбек.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың сөзіне қарағанда, министрліктің бұған дейінгі басшылығы көтерген бастамалар жалғаса береді.
«Ол жұмысқа министрдің ауысқаны әсер етпейді. Оған қоса, бірлескен шараларға Роман Склярдың өзі жауапты болды. Сондықтан осы саладағы жұмыс жалғаса береді. Қазір іс-шаралар жоспарын даярлап жатырмыз. Оны бекіткеннен кейін нақты жұмысқа кірісеміз», - деп атап көрсетті О.Бектенов.