Жемқорлыққа қарсы жүйелі әрі шұғыл шара қабылдау қажет – Айгүл Соловьева
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғам қайраткері Айгүл Соловьева бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қозғалған негізгі жайттарға қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелерді Президент бұған дейін де айтқан болатын. Бүгін әр мәселеге жеке тоқталып өтті. Ендігі уақытта мәселенің қалай шешілетінін уақыт көрсетеді. Маған ерекше ұнағаны, майнингке салынатын салықты өсіру керектігі. Ал, майнингтер болса биткойнның есебінен толағай табысқа кенеліп жатыр. Сондықтан да өз басым майнингтерге салықты өсіру бастамасын қолдаймын», - деді Айгүл Соловьева.
Сондай-ақ қоғам қайраткері әкімдердің тұрғын үй мәселесін шешу әрекеттеріне қатысты пікір білдірді.
«Бізде әкімдер бәленбай тұрғын үй немесе пәтер пайдалануға берілгені туралы есеп бергенді ұнатады. 15 жыл бойы үй кезегінде тұрған сал ауруына шалдыққан (ДЦП) баласы бар әйелді танимын. Жағдай елордада болған. Сал ауруына ұшыраған баласы бар әйелдің тұрғын үй кезегінің жылжымауын басқаша қалай түсінуге болады? Менің ойымша, осы жерде қоғамды тарту керек және тұрғын үймен қамтуға қатысты мониторинг жүргізу қажет. Яғни тұрғын үймен қамтамасыз ету қалай іске асып жатыр және неге баяу деген сауал мазалайды. Айтпағым, тұрғын үй беріліп жатыр, бірақ, нәтиже мәз емес. Неге? Әлсіз жеріміз, баяғы сыбайлас жемқорлыққа келіп тіреледі. Осы тұрғыда қаңтар оқиғасы халықтың билікке деген сенімін көрсетіп отыр. Неге наразылық танытушылардың дені әкімдік алдына барды? Өйткені, қоғамды сыбайлас жемқорлық мәселесі жайлап барады. Ендігі уақытта жемқорлыққа қарсы жүйелі әрі шұғыл шара қабылдау қажет», - дейді ол.
Еске салсақ, Президент салынған баспаналар туралы әкімдер ұсынған мәліметке күмән келтірген еді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы майнингке салынатын салықты арттыруды тапсырған еді.