Жемқорлыққа жол берілмейді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы бойынша коррупцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінің қызметкерлері қазіргі күні аймақта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында батыл күрес жүргізуде, деп жазады "Айқын" газеті.
Облыстық ұлттық бюро департаментінің ресми өкілі Самал Ахмедьянованың айтуынша, осы жылдың өткен алты айы ішінде аймақтық департамент қызметкерлері 247 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзып, жең ұшынан жалғасқан жемқорларды жауапқа тартуды ұсынды. «Ел аман, жұрт тынышта» орын алған қылмыстың 163-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты болды.
- Сөйтіп, жыл басынан бергі уақыт аралығында 32 адам қылмыстық жауапқа тартылып, олар жергілікті сот шешімімен жазаланды. Облыс бойынша 117 қылмыстық іс, оның ішінде, Павлодар қаласында - 96, Екібастұз қаласында - 21, Лебяжі ауданында - 8, Баянауыл ауданында - 6 қылмыстық іс орын алғаны анықталды. Әсіресе, жергілікті атқару органдарына қарасты мекемелерде, құқық қорғау орындарында т.б. меммекемелерде өрескел заңбұзушылық орын алуда. Мысалы, биылғы жылдың өткен алты айының ішінде орын алған құқықбұзушылық әрекеттерінің 52 оқиғасының аймақтағы жергілікті басқару органдарының, 30 оқиғаның құқыққорғау органдарының үлесіне тиіп отырғанын айтпай кетуге болмайды. Атап айтқанда, биылғы жылдың өзінде алаяқтық әрекеттерге байланысты 11 қылмыстық оқиға, мемлекеттік қызметтегі мамандардың лауазымды өкілеттіктерін асыра пайдалануына қатысты 25 қылмыс және сондай-ақ, бюджеттік қаржыны қымқырудың 43 оқиғасы орын алған. Ашығын айтсақ, Агроөнеркәсіп кешені облыстық инспекциясының жетекшісі К.Федотованың іс-сапарға барған қызметкерлердің есепшотына мемлекеттің 200 мың теңгесін заңсыз аударғаны, Павлодар облыстық тоғай шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бастығы М.Қанатбаевтың осындағы мамандармен бірлесіп, браконьерлікпен ауланған балықтарды облыс аумағына таратуға «қамқорлық» жасағаны үшін браконьерлерден ай сайын 100 мың теңге көлемінде заңсыз қаржы алып отырғандығы анықталды. Сондай-ақ, осы басшының «Ертіс орманы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы К.Құсайыновтан жалпы сомасы 100 мың теңге көлеміндегі жанар-жағармайды пара ретінде алғаны белгілі болды. Сөйтіп, Павлодар облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің ұсынысы бойынша М.Қанатбаев тұтқындалып, ол заңсыз жасаған қылмыстық әрекеттері үшін қатаң жазаланды, - дейді Павлодар облысы бойынша коррупцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінің ресми өкілі Самал Ахмедьянова.
Ұлттық бюроның ресми өкілі Самал Ахмедьянованың айтуынша, мұндай заңсыз оқиғалар Павлодар облысы аумағында да кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы облыстық департаментінің қызметкерлері олардың әрекеттерін әшкерелеп, тосқауыл қоя білуде. Департамент қызметкерлері жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты «Есірткінің медициналық-әлеуметтік проблемалары республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы» мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарған Н.Иманбердиевтің «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаржыны қалай талан-таражға салғаны толық анықталып, оның өзі және сыбайластары заң бойынша әділ жазаланды. Мәселенің анығын айтсақ, Иманбердиев мемлекеттік сатып алу және медицина мамандарын оқыту, қайта дайындау бойынша қол қойылған келісім-шарттардың әрқайсысынан 10 - 25 пайызға дейін пара ретінде (откат) алып келіпті. Сөйтіп, ол шағын және орта кәсіп өкілдерінен жалпы көлемі 266 мың теңгені «суырып» алған көрінеді. Ол ол ма, арнайы жүргізілген тергеу-тексеру шаралары барысында Иманбердиевтің лауазымды өкілеттігін пайдалан отырып керекулік кәсіпкерлерден 475 мың теңгеден астам пара алғаны да әшкереленді. Бұл оның қылмысының тек бір парасы ғана.
- Қазіргі күні Н.Иманбердиевтің өте өрескел қылмыс жасап, мемлекетке орасан зор көлемде шығын келтіргені нақты дәлелденді. Жасаған қылмыстары үшін оған сот шешімімен 14 миллион 396 мың теңге айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Ұтымды іс-қимыл жағдайында «Баянауыл аудандық Жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы М.Абылайханов 250 мың теңге пара алып жатқан сәтінде құрықталды. Бұл іс қазір жан-жақты тергелуде. Күдікті 540 мың теңге кепіл-ақша төлеп, үйіне жіберілді. Бұл бір ғана мысал. Жалпы, облыс аумағында біздің департамент қызметкерлерінің тергеу-тексеруі нәтижесінде 29 қылмыстық іс тіркеліп, оның алтауының шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты екендігі анықталды. Соңғы уақытта құқық қорғау салысы қызметкерлері де параға әуес болып барады. Мысалы, Павлодар қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы К.Рахмановқа бір адамның қалада еркін жүруін қамтамасыз ету мақсатында 200 мың теңге пара алғаны үшін сот шешімімен 12 миллион теңге айыппұл салынды.
Жомарт Молдахметұлы