Жемқорлықпен күрес: Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің 52 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды
АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қалалық Кедендік бақылау департаменті өз қатарларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау бойынша шараларды күшейтуде.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында аталмыш ведомство өкілдері мәлім етті.
Үстіміздегі жылдың 12 айы ішінде Департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасы 43 қызметтік тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде 6 қылмыстық іс қозғаған, 52 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, ал 4 қызметкер кеден органдарынан қызметтен босатылған. Сондай-ақ, 5 департамент қызметкерлерінің іс-әрекетінде сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық белгілері анықталған.
Оның бір мысалы ретінде, жақында Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің Ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері департаменттің бірнеше лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғағандығын айтуға болады. Олар лауазым иелері бола тұра, өз жұмысында немқұрайдылыққа жол берген, яғни үстіміздегі жылдың шілде - қыркүйек айлары аралығында қызметкерлер өз міндеттерін дұрыс орындамай, 75 теміржол вагондарын кеден қоймасы болып табылмайтын сақтау орындарына жіберіп, осының салдарынан заңмен қорғалатын мемлекет мүддесіне едәуір зиян келтірген. Қазір оларға қатысты Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабына сәйкес (немқұрайдылық - осы қылмыс үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады) қылмыстық іс қозғады.
Бұл қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары әлі де жүргізілуде. Нәтижесінде, әр лауазымды тұлғаның қаншалықты кінәлі екендігі анықталып, құқықтық баға берілетін болады.