Жемқорлықпен күрес органынанбыз деп 20 млн теңге бопсаламақ болғандар ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өздерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ретінде таныстырған екі алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жемқорлықпен күрес органынанбыз деп 20 млн теңге бопсаламақ болғандар ұсталды

«Арнайы жедел-іздестіру шаралары жүргізілген болатын. Шара барысында өздерін сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің өкілдері ретінде өзін таныстырып, акционерлік қоғамның басқарма төрағасынан заңсыз кәсіпкерлік қызметімен айналысқаны, биржада заңсыз келісімдерді жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін 20 млн теңге сомасындағы ақша қаражатын алған екі азаматтың алаяқтық фактісі анықталды», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин Агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Кінәсін толық мойындауына және жеделдетілген сотқа дейінгі тергеуді қолдану туралы өтінішхат түсуіне байланысты күдіктілерге қатысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылмаған. Тергеу жалғасуда.