Жемқорлықпен күрес және мемлекет қорғауындағы адамдардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Айта кетейік, құжаттың негізгі міндеттері - мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген адамдардың негізсіз баюын бақылаудың алдын алу шаралары арқылы сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды тиісінше қорғауды, оның ішінде олардың еңбек құқықтарына нұқсан келмеуіне және берілген ақпараттың құпиялылығына кепілдік беру арқылы қамтамасыз ету.
Заң жобасын қабылдау:
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген адамдардың көлеңкелі кірістерін анықтауды;
- мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының ашықтығын;
- мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін теріс фактор ретінде сыбайлас жемқорлықты азайтуды;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруды;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.