Жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссия отырыстары ашық форматта өтетін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы жаңа форматта өтуде.
«Жалпы алғанда, жемқорлыққа қарсы күрес барша қоғамның міндеті. Бұл бағытта Елбасы белгілеп берген нақты міндеттер бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясы әзірленуде. Комиссия оны нақты жүзеге асыру құралы болуы қажет», - деді ол. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Президент тапсырмасына орай комиссия жұмысы жаңа бағытқа көшетіндігін баса айтты. «Атап айтсақ, комиссия отырыстары ашық форматта өтетін болады. Жұмыс нәтижесі ақпарат құралдарында жазылып, көрсетіледі. Сонымен қатар комиссия құрамына қоғамдық ұйымдардан жаңа адамдар кіреді. Жоспарланып отырған осы өзгерістер комиссия жұмысына жаңаша серпін береді деп сенемін»,- деді Ә.Жақсыбеков.