Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 64-ші отырысы өтуде
АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 16-24 мамыр аралығында Женева қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 64-ші отырысы өтуде,
деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау ассамблеясында әртүрлі мақсаты бар екі түрлі негізгі кеңестер өткізілуде: А Комитеті техникалық және медициналық-санитариялық, ал В Комитеті қаржыландыру және басқару мәселелерін талқылау үшін кездеседі. Сондай-ақ жалпы отырысқа шығарылатын қарар мәтіндерін келісу жоспарланған. Жалпы отырысқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының барлық делегаттары қатысады.
Отырыс барысында ана мен бала денсаулығын сақтау, созылмалы аурулар, безгек, сондай-ақ ДДҰ-ның қаржыландыру және басқару сияқты мәселелері қаралады.
Ассамблеяның 64-ші отырысы жұмысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Е. Байжүнісов бастаған қазақстандық делегация қатысуда. Сонымен бірге, іс-шара барысында «Stop TB» ДДҰ департаментінің сарапшыларымен және ДДҰ-ның Еуропа өңірлік бюросының басшысы (ДДҰ ЕӨБ, Копенгаген) Жужанна Якаб ханыммен екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған.