Женевада цифрлық платформаларға арналған алғашқы жаһандық стандарт қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM –  Құжат Женевада өткен, әлемнің 187 елінен үкіметтер, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдерін жинаған Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясының соңғы күні бекітілді, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтары. 

цифровизация
Фото: freepik.com

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) платформалық экономикадағы лайықты еңбек туралы конвенцияны қабылдады. Бұл — цифрлық платформалар арқылы атқарылатын жұмысты реттейтін әлемдегі алғашқы халықаралық стандарт.

— Бұл — шын мәнінде тарихи оқиға. Алғаш рет жұмыс берушілер, қызметкерлер және үкіметтер еңбек саласының бүгіні мен болашағына арналған конвенцияны консенсус негізінде қабылдады, — деді ХЕҰ-ның еңбек жағдайлары сапасы департаментінің директоры Сукти Дасгупта.  

Платформалық экономика — жеткізушілер мен тұтынушылар арасында делдал болатын цифрлық платформалардағы экономикалық қызмет. Платформа тауарды өзі өндірмейді, керісінше, тауар немесе қызмет ұсынатындар мен оны іздеушілердің басын қосатын алаң қалыптастырады. Мысалы, Uber жүргізушілер мен жолаушыларды байланыстырады, Airbnb баспана иелері мен саяхатшыларды тоғыстырады, ал Amazon сатушылар мен сатып алушыларды біріктіреді. Мұндай платформалар сұраныс пен ұсынысты жылдам әрі тиімді сәйкестендіру үшін алгоритмдер мен цифрлық инфрақұрылымды пайдаланады.

Соңғы жылдары платформалық экономика еңбек нарығын түбегейлі өзгертті. Ол миллиондаған адамға табыс табудың жаңа мүмкіндіктерін ашқанымен, көптеген қызметкерді қарапайым кепілдіктер мен әлеуметтік қорғаудан тыс қалдырды.

Конвенция цифрлық еңбек платформаларының барлық түрін қамтиды және қызметкерлердің еңбек мәртебесі қалай жіктелгеніне қарамастан қолданылады. Негізінде бұл құжат қарқынды дамып келе жатқан секторда лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық ережелерді белгілейді.

— Конвенция жобасын талқылау барысында бізді миллиондаған цифрлық платформа қызметкерлері бақылап отырғанын түсіндік. Олар осы күрделі келіссөздердің нәтижесін үлкен үмітпен күтті.Біз олардың үмітін ақтай алмауға тиіс едік. ХЕҰ платформалық экономикаға ерекше назар аудара отырып, еңбек саласының бүгіні мен болашағын қалыптастыруға әлі де қабілетті, — деді Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо.  

Конвенция платформалар қызметкерлерін бұрыннан алаңдатып келген мәселелерді қамтиды. Олардың қатарында зорлық-зомбылық пен қудалаудан қорғау, әділ еңбекақы төлеу және әлеуметтік қорғау жүйесіне қолжетімділік бар.

Құжатта сондай-ақ алгоритмдер мен автоматтандырылған шешім қабылдау жүйелерінің ашықтығына ерекше көңіл бөлінген. Өйткені бұл құралдар кімнің тапсырыс алатынын, қанша табыс табатынын және қандай тәуекелдерге тап болатынын барған сайын көбірек айқындап келеді.

Бұған дейін Қазақстанның неғұрлым кешенді бағдарламалық форматқа көшуді, атап айтқанда Қазақстан Республикасы мен Халықаралық еңбек ұйымы арасындағы лайықты еңбек жөніндегі елдік бағдарлама жобасын әзірлеуді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.