«Жеңгетайларды жазалау күшейеді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 7 қыркүйек . ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 қыркүйек,жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жеңгетайларды жазалау күшейеді»  - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Эстония Премьер-ми­нис­трі Андрус Ансиппен кез­­десті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Шағын елмен үлкен байланыс бар» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Н.Назарбаев кездесу барысында биыл Қазақстан мен Эстония арасында дипло­ма­тия­лық қатынастардың орнағаны­ның 20 жылдығы атап өтілуде екенін, сондай-ақ екі елдің өзара тиімді және қарқынды ынты­мақтас­тығына мүдделестік ба­рын айтты. «Біз индустриялық-иннова­ция­лық бағдарламаны белсенді іске асы­ру­дамыз, зауыттар мен фаб­рикалар салудамыз, сондай-ақ батыс елдерінің жоғары тех­нологиясын тартудамыз. Эко­номиканың қарқынды дамуы мен қолайлы ма­кро­эконо­ми­ка­лық көрсеткіштер­дің арқасында Қазақстан шетелдегі түрлі жо­баларды қаржы­лан­дыру үшін инвестициялау мүмкіндігіне ие болып отыр», - деді Елбасы.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Әуезхан Дариновпен арадағы сұхбат «Үнемді де шаруақор, жаңғыртылуға бейім шағын фермерлік шаруашылықтардың мүддесі ұмыт қалмауы тиіс» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Биылғы жылы Үкімет ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығынын барынша азайту үшін алдын ала шараларды қолға алды. Әлбетте, фермерлерге қазірден-ақ жәрдем беруді қолға алғаны көңілге қуаныш ұялатады. Тағы бір қуанышты жайт, біз барғанда бірқатар аймақта жауын жауып өтті. Сондықтан шаруаларға қол ұшын созған шенеуніктерге де, жауын жаудырған «көктегі кеңсеге» де алғыс айтуға болады», - дейді.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, адам саудасының құрбанына айналған қазақстандықтардың 960 пайызы құлдық пен қорлықтың зардабын ел ішінде тартады. Бұл туралы құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар арасында ұлттық пікірталаста айтылған. Мәселен, соңғы 8 жылда еліміздің 858 азаматы тегін жұмыс күші ретінде әлдекімдердің «отымен кіріп, күлімен» шығуға мәжбүр болған. Табыс тапқыш тажалдар күш көрсету арқылы еркектерді қара жұмысқа салса, әйелдерді жыныстық қатынасқа итермелеген. Көші-қон бойынша халықаралық ұйым бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Әлия Аликованың айтуынша, отандастарымыздың 10 пайызы «жұмақ жер» іздеп жүріп Ресейде, Түркияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Изарильде, Тайландта, Германияда, Қытайда, Әзербайжанда, Өзбекстанда, Индонезияда, Грекия мен Ливияда құлдыққа түскен. Қалғандары өз елімізде өзекке тебіліп, өмірлерін өксікпен өткізеді. Мақала «Жеңгетайларды жазалау күшейеді» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовты Астана әуежайында күтіп алды. Сапар барысында екіжақты ынтымақ­тас­тықты одан әрі дамыту мәселесін талқылау, Мем­лекет басшыларының бірлескен мәлім­деме­сін қабылдау, сондай-ақ бірқатар үкімет­аралық құжаттарға қол қою жоспарланған.

 

«Батыс Қазақстан облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы өзін-өзі атуға уәде берді», деп жазады «Экспресс-К» газеті бүгінгі санында жарияланған «Полковника никто не спишет» деген тақырыптағы мақаласында. Себебі өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полковник Қуанғали Өтешеов тексеру барысында лауазымды қызметке жарамдылығын жоғары нәтижемен дәлелдеген. Ал екі күн өткеннен кейін оған жұмыстан босауға рапорт жазу ұсынылған.  Осыдан кейін полковник Ішкі істер министрінің блогына хат жазған. Онда: «Сізден мені және менің ар-намысымды қорғауыңызды өтінемін. Егерде мен сізге Отанға қызмет ету ісіндегі адалдығымды дәлелдей алмасам, онда өзіме қару қолдануға мәжбүр боламын», - делінген. Бұл хатқа министрдің де жауабы берілген.