Жеңгетайлықты кәсіп еткен азамат сотталды
«Текелі қаласының тұрғыны Сабырбай Келес ҚР ҚК 128 бабының 3 бөлігімен кінәлі деп танылды. Мүлкі тәркіленіп, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі күшіне енген жоқ», деді облыстық соттың баспасөз қызметінің өкілі Айнаш Рахымбаева.
1983 жылғы азамат қыздарды шет ел асырып, еркектердің қойнына салып беруді мақсат еткен. Қытай еліндегі қонақ үйлерге бойжеткендерді жеткізгені үшін 500 мың теңгеден астам ақы алуды көздеген. Тіпті қыздардың визасын рәсімдеп, жолға шықпақ болған. Алайда, қаракөздердің бірі 34 жастағы азаматтың бұл ісіне күдіктеніп, ішкі істер органына арызданған. Жеңгетайлықты кәсіп етуді көздеген азамат енді 7 жылға жуық өмірін темір торда өткізеді. Аталған іс Талдықорған қалалық сотында қаралды.