Жеңіл атлетика: Гифуде 22 спортшы ел намысын қорғайды
АСТАНА. ҚАзАқпарат - Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы 7-10 маусым аралығында Жапонияның Гифу қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысатын құрама мүшелерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Федерацияның бапкерлер штабы 6 мамырда Шымкентте аяқталған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының нәтижелерін есепке ала отырып, Азия чемпионатына қатысатын құраманы жасақтады. Соңғы тізім бойынша 7 ұл, 15 бойжеткен Жапонияға баратын болды.
Оның ішінде 8 спортшының былтырғы жылы Бангоктағы Азия чемпионатына қатысқан тәжірибесі бар. Атап айтсақ, Данила Корр, Әбдужапар Шәмшидов, Әділ Рамет, Елизавета Матвеева, Анастасия Ермакова, Анастасия Заводина, Лаура Ахметова, Сарифа Рзакулиева. Осылардың арасында Ахметова мен Рзакулиева жүлдеге іліккен.