Жеңіл атлетика: Қытайда өтетін әлем чемпионаты 2021 жылға ауыстырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы наурызда Қытайда жоспарланған жеңіл атлетикадан жабық ғимаратта өтетін әлем чемпионаты коронавирустың кесірінен 2021 жылға ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңіл атлетика: Қытайда өтетін әлем чемпионаты 2021 жылға ауыстырылды

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті хабарлағандай, әлем чемпионаты үстіміздегі жылдың 13-15 наурыз аралығында Қытайдың Нанкин қаласында өтуі керек болатын. Алайда, Халықаралық федерацияның баспасөз қызметі аталған біріншілікті (2020 жылдың 13-15 наурызы) 2021 жылдың наурызына ауыстыру туралы шешім қабылдағанын жариялады.

«Қытай коронавируспен күресте аянып қалмайды. Ал біз сол үшін оларға бар жағдайды жасауымыз қажет. Біз спортшылар мен федералды биліктерге және серіктестерге бұл аймақтағы спорттық жарысқа қатысты мәселенің қалай шешіліп жатқанын нақты жеткізуіміз керек. Бұл әлем чемпионатын өткізбеу туралы шешім қабылдаған жоқпыз. Өйткені, көптеген спортшылар бұл турнирді асыға күтіп жүр. Сол себепті, жарысты 2021 жылға ауыстырдық», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай Қытайдың Ухан қаласында (Хубэй провинциясы) тараған коронавирус індетіне байланысты Ханчжоуда жоспарланған жабық кешендегі IX Азия чемпионаты да өтпейтіні туралы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Қытайдың Дунгуан қалалық округінде 4-8 ақпан аралығында теннистен өтуі тиіс болған Федерация кубогы коронавирустың тарауына байланысты ол елде өтпейтіні белгілі болған.

Бұған қоса Халықаралық Олимпиада комитетінің жұмыс тобы Қытайдың Ухан қаласында өтуі тиіс Бокстан 2020 жылғы Токио Олимпиадасына Азия/Океания аймақтық іріктеу турнирін де қауіпті вирустың таралуына байланысты өзге елде өткізуге шешім қабылдаған еді .