Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдануда - Бейбіт Атамқұлов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін нормативтік актілер мен жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы 1-тоқсанда министрлік жетекшілік ететін барлық салаларда оң серпін байқалады. Есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 5, өңдеуші өнеркәсіп 8,8 пайызға ұлғайды. Өңірлердің барлығында дерлік өсім байқалуда. Тау-кен өндіру секторында түсті кен өндірісінің көлемі 8,1 пайызға ұлғайды. Негізінен құрамында алтын бар кен өндіру көлемі артты», - деді ол.
Министр дерегінше, темір кенін өндіру 22,2 пайызға ұлғайды. Көмір мен лигнит өндіру көлемі 100,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 8,8 пайыз болды. Өсім қара және түсті металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі салаларында байқалды. Қара металлургияда өндіріс көлемі 101,5 пайызды құрады.
«Елімізде, сондай-ақ әлемнің көптеген елдерінде коронавирустық инфекция пандемиясының таралуына, сондай-ақ металлдар нарығы конъюнктурасының қалыптасқан ахуалына және экспорттық әлеуетті қайта бөлуге байланысты «АрселорМиттал Теміртау» мен ERG компаниялар тобы өндірісті тұрақтандыруды және өндірілетін өнімді үздіксіз сатуды қамтамасыз ету мақсатында баламалы өткізу нарықтарын қарастырып жатыр», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Машина жасау саласында өндіріс көлемі 30,4 пайызға өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 69,5 пайызға, басқа санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар 20,7 пайызға электр жабдықтары 17,8 пайызға, өзге де көлік құралдарын жасау 53,6 пайызға, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 6,2 пайызға, компьютерлер жасау 9,6пайызға ұлғайды.
Сондай-ақ, оның деректеріне сәйкес, фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 32,2 пайызға өсті. Жеңіл өнеркәсіпте жалпы өндіріс 14,2 пайызға артты. Ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 12,3, былғары және оған жататын өнімдердің 18,9, киім өндірісінің 14,7 пайызға ұлғаюына байланысты болды.
«Қазіргі уақытта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында саланың дамуы бойынша бірқатар нормативтік актілер мен жүйелі шаралар қабылдануда», - деді министр.