Жеңіл өнеркәсіптің 60%-дан астамы тоқыма өндірісіне тиесілі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жеңіл өнеркәсіптегі тоқыма өндірісінің үлесі 55,5%-дан 60,1%-ға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Жеңіл өнеркәсіптің 60%-дан астамы тоқыма өндірісіне тиесілі

Тоқыма бұйымдары ішінде мақта-мата шығару 3,5%-ке (2020 жылдың қаңтар-сәуірінде 8,1 млн шаршы метрге дейін) және үй шаруашылығына қажетті дайын тоқыма бұйымдары 5,7%-ке (7,4 млн данаға, соның ішінде төсек-орын жабдығы – 2,5 млн данаға, бір жылда +22,1%-ке артқан) өскен. 2020 жылдың қаңтар-сәуірінде тоқылмаған материалдар мен бұйымдар шығару 1,9 млн шаршы метрді құраған.

Мата шығару үш өңірде дамыған: Павлодар (14,4 млн шаршы метр) және Қостанай (0,4 млн шаршы метр) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (8,6 млн шаршы метр). Байпақ пен жұқа киізден жасалған аяқ-киім Ақмола (15,5 мың жұп) мен Шығыс Қазақстан облыстарында (4,6 мың жұп) өндіріледі. Мақта толығымен Түркістан облысында шығарылады.

Тоқыма бұйымдарын өндіру көлемі 2020 жылдың қаңтар-сәуірінде 23,4 млрд тг құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,5%-ға көп. Жеңіл өнеркәсіптегі тоқыма үлесі 55,5%-дан 60,1%-ға артқан.

Еске салайық, маусымның екінші жексенбісінде жеңіл өнеркәсіп саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп саласы мемлекет тарапынан аса мән беріліп отырған басым бағыттардың бірі екенін хабарлады.