Жеңілдікпен дизель квотасын алушылардың тізімі жасалады
«Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде жеңілдікпен дизель квотасын алушылардың тізімін (дерекқор) жасау көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша егістік алқабының әр гектарына жұмсалатын дизель отынының алгоритмі әзірленеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, мемлекеттік ақпараттық жүйесінде дизель отынын электронды бөлу және тарату функциясын іске қосу биыл бірінші жартыжылдыққа жоспарланып отыр», - деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысында.
Айта кетсек, Үкімет басшысы жеңілдікпен берілетін дизель отынын бөлуді ерекше бақылауда ұстау керектігін айтқан еді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, көктемгі егіске дайындық жұмысын күшейтуі қажет. Жеңілдікпен берілетін дизель отынын бөлу де ерекше бақылауда болуы тиіс. Алып-сату және қолдан жасалатын тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизельді басқа жаққа жасырын сататын операторларға барынша қатаң шара қолдану керек», - деген еді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Фото: autospecialist.gr