Жеңілдікті автонесие бағдарламасы аясында 6,5 мыңнан астам өтінім мақұлданды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның Даму Банкі» (ҚДБ, Банк) 2016 жылдың 12 мамырдағы жағдай бойынша агент коммерциялық банктерге Жеңілдікті автонесие беру бағдарламасының шеңберінде жеке тұлғалардан несие алуға түскен 6 630 өтінімді шамасымен 22 млрд 988,7 млн теңгеге мақұлдады.
Олардың ішінен екінші деңгейдегі 6 банк отандық көлік өндірушілердің автокөліктерін сатып алуға жалпы сомасы 20 489,6 млн теңгеге 6 006 несие берді.
Атап айтқанда, ҚДБ ағымдағы жылдың 20 сәуірі күні іске қосылған Жеңілдікті автонесие беру бағдарламасының операторы болып табылады. Даму Банкі агент банктермен Ұлттық қордан бөлінген несие қаражатын игерудің бақылауын үнемі жүргізуде. Бағдарлама аясында Ұлттық қордан жеке тұлғаларға Қазақстанда құрастырылатын автокөліктерді сатып алуға несие беру үшін барлығы 26 млрд теңге бөлінді.
Жеке тұлғаларға жергілікті өндірілген жеңіл автокөлік сатып алуға ҚР Үкіметімен бекітілген несие беру шарттары: атаулы сыйақы мөлшерлемесі - ең көбі жылдық 4%, алайда жылдық тиімді мөлшерлеме (оның ішіне сақтандыру және автокөлікті кепілге салу шығындары кіреді) 7,5%-дан аспау керек. Несие мерзімі - ең көбі 5 жыл, қарыз валютасы - теңге, жеңіл көліктің біреуінің бағасы - ең көбі 9 000 000 теңге, бастапқы жарна (бар болса) - сатып алынатын көліктің бағасынан 20%. Жеңілдікті автонесие беру бағдарламасы бойынша қаржыландырудың жаңартпалы сипаты бар. Яғни, ағымдағы несиелерді өтеуден түскен төлемдер қайтадан атонесие беруге жұмсалады.