Жеңілдікті лизинг бойынша компаниялардың тізімін кеңейту арқылы ауыл шаруашылығы техникасына қолжетімділік артады - ҚР АШМ

«Бүгінде 87 пайызға жуық ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозығы жетіп отыр. Біздің аграрлық өндірісте техникалық қайта жарақтану қарқыны мен өндірісті дамыту қарқыны арасында теңгерімсіздік байқалуда. Соңғы 7-8 жылдағы статистиканы қарайтын болсақ, трактор паркін жаңартудың орташа жылдық қарқыны 1,5 пайызды құрайды. Яғни, осыны есептей келе, қанша жылда машина-трактор паркін жаңартуға болатынын анықтай аламыз. Атап айтқанда, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығын дамыту тұрғысында кері әсер етеді»-деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев Астанада «AgriTekAstana-2013» көрмесі аясында өткен конференцияда.
Оның айтуынша, бұл бағытта аталған ахуалды түбегейлі жақсарту үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жеңілдікті лизингі бағдарламасынан бөлек, 2013 жылдан бастап жеңілдікті лизинг бойынша қызмет көрсете алатын компаниялардың тізімін кеңейту шешімі жасалды. Осылайша, мемлекет ауыл шаруашылығы техникасына деген қолжетімділікті айтарлықтай арттырмақ.
«ҚазАгро» холдингінің мәліметінше, Агрокешенді дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында мемлекет жалпы қаржыландыру мөлшерлемесінің 7 пайызын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге өтеп беруді өз мойнына алып отыр. Сөйтіп, субсидиялауды ескергенде лизингке алынған ауыл шаруашылығы техникасы мен арнайы техниканың мөлшерлемесі жылдық 12,8 пайыздың орнына 5,8 пайызды құрап отыр. Аталған субсидиялаудың мерзімі 3 жылды құрайды, сондай-ақ оны 7 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік беріледі.
Белгілі болғандай, бүгінде отандық ауыл шаруашылығы құрылымдарынан «ҚазАгро» холдингі құрамындағы ірі лизингтік «ҚазАгроҚаржы» компаниясына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті техниканы сатып алу жөнінде 9,5 млрд. теңгені құрайтын 1 мың өтінім келіп түсті.