«Жеңілгенді жер көтереді, жеңгенді ел көтереді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 2 шілде, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Кеше Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен кездесіп, келіссөз жүргізді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Ұлыбритания - Қазақстанның стратегиялық серіктестігі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұл күнгі кең құрамдағы келіссөзден кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмерон бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихаты барысында Нұрсұлтан Назарбаев Д.Кэмеронға сапары үшін алғысын білдіріп, бұл сапар екі елдің қарым-қатынастарының жаңа парағын ашқанын атап өтті. «Бүгін біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Ол ынтымақтастық әлеуетін ғана емес, қарым-қатынасымызды сапалы жаңа деңгейге шығарудағы екі мемлекеттің саяси ерік-жігерін де көрсетеді. Келіссөздер барысында екіжақты өзара іс-қимылдың барлық тетіктері мен қажетті тәсілдерін қолдана отырып, оларды жүзеге асыруға барынша күш салу тұрғысынан мен Кэмерон мырзаны толық қолдадым», - деді Мемлекет басшысы.

Осы басылымның жазуынша, кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің тө­ра­ға­лы­ғымен өткен Үкімет отырысында тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау жүйесін жетілдіру мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселеге орай Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік басшысы Болатбек Қуандықов баяндады. Үкімет отырысында, сондай-ақ, аталған мәселелерге орай Вице-премьер - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев, Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев сөйледі. Талқылауды түйіндей келе, Үкімет басшысы С.Ахметов Қазақстан, Ресей және Беларусьтің монополияға қарсы заңнамаларын ортақ түсінікке келтірудегі маңызды құжат болатын бәсекелестік туралы Моделдік заң соңғы екі жыл бойына кең көлемде талқыланып келе жатқанын атап өтті. Осыған орай Бәсекелестікті қорғау агенттігіне бәсекелестік туралы Моделдік заңның мәтінін келісу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Мақала «Бәсекелестікті дамыту - экономика өрісі» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұловамен арадағы сұхбат «Тарихта зерттеуін күткен тақырып көп» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Қазақстан тарихнамасында аталған жылдардағы ашаршылық тарихы анығына жетіп зерттелмегендіктен, тың негіздерді батыл тұрғыда іздестіріп, бұл тақырыпты концептуалды тұрғыда терең қарастыра, ғылыми бағасын беруіміз керек. Осы уа­қытқа дейін ашаршылық құрбандарының нақты саны анықталмай отыр. Бұл мәселені зерттеген ғалымдардың еңбек­терінде құрбан болғандардың саны түрліше көрсетіліп келеді. Міне, осыған орай ғылым саласындағы тың әдістемелік тәсілдерді қолданып, жаңа бағыттарды игеру қажет. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қарастыратын тағы бір мәселе, бұл - қуғын-сүргін. Кеңестік идеологияның құрбанына айналған қаншама қай­раткерлеріміздің тағдыры зерттелусіз жатыр. Бұл мәселені де қолға алу үшін мемлекет тарапынан қолдау болса», - дейді.

Өткен жексенбіде Астанада Елбасы жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Шығысқазақстандық балуан Айбек Нұғымаров - «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы атанды. Айбек ақтық сайыста Қарағандыдан келген Ержан Шынкеевті жығып, таза жеңіске қол жеткізді. Былтырғы «барысымыз» Бейбіт Ыстыбаев жартылай финалда сүрінді. Төрешілер алғашында Бейбіттің қолын көтерген болатын. Қазылар алқасы ақыры бір шешімге келіп, жеңісті Шынкеевке қайта ұстатты. Үшінші орын үшін болатын белдесуге Ыстыбаев шығудан бас тартып, қола жүлде шымкенттік Жұманазар Ерсұлтановқа бұйырды. «Айқын» газетінде осы байрақты бәсекенің көңілге кірбің түсірер тұстарына қатысты басылымның бас редакторы Нұртөре Жүсіптің «Жеңілгенді жер көтереді, жеңгенді ел көтереді» деген тақырыптағы мақаласы басылды. «Жарыс болған соң - біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Осы ретте «жеңілгенді жер көтереді» десек те, жарыс шартына мойынсына білу де жігіттік екенін еске салғымыз келеді. Қазылар алқасының шешімі түпкілікті болуы тиіс. «Шешім дұрыс болмады» деп жарыстан бас тарту, күреске шықпай қалу - орынсыз. Әркімде мінез бар. Бірақ бәріміз ортақ қағидаға бағынуымыз керек. Бас асаулық жасайтындарға турнирді ұйымдастырушылар тарапынан әуелі ескерту, сосын барлық титулдарынан айыратындай қосымша шаралар қабылдау құқығы берілгені жөн», - дейді мақала авторы.

Соңғы жаңалықтар