11:04, 27 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Жеңілістен көз ашпайтын көкшетаулық ФК басшылығы қызметінен қуылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы мен «Оқжетпес» футбол клубының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде өңірде футбол спортын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар сараланды. Сондай-ақ, ел чемпионатында турнир кестесінің соңында тұрған «Оқжетпес» командасының мардымсыз ойыны сөз болды. Қазіргі кезде жанкүйерлерінің сүйікті командасына деген өкпесі қара қазандай.
Кездесу барысында аймақ басшысы команда директоры Юрию Бондаренко мен жаттықтырушысы Виктору Пасулькоға қызметін босату жөнінде ұсыныс жасады.
Әкімнің сөзінше, клуб басшылығы өздерінің кәсіби жұмыстарына салғырттық танытып қана қойған жоқ, команданың жеңіске деген жігері мен рухын жоғалтып алды.
Аймақ басшысы өз орынбасарына клубтың қаржы-шаруашылық қызметіне тексеріс жүргізіп, бюджеттік қаржыландыруды азайту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.