«Жеңіс алауы» үштомдығының тұсауы кесілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңіс алауы» үштомдығының тұсауы кесілді. Жаңа топтаманы шығаруға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ мұрындық болған.
Жинақ авторлары Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚХА мүшесі Леонид Гирш, белгілі қоғам қайраткерлері Мұрат Әуезов, әдеби шолушы Елена Брусиловская бүгін тұсаукесер шарасына қатысты.
Таныстырылым соңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Мерекелік шара Алматы қаласындағы Достық үйінің алдындағы алаңда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Қаһармандықтың мәңгілік ғибраты» Ассамблея форумымен жалғасты. Салтанаты іс-шараға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Ұлы Отан соғысының 120-дан астам ардагері, жастар бірлестіктерінің мүшелері мен қала тұрғындары Жеңістің Қазақстан халқы үшін қандай маңызы барын тілге тиек етті.
Форум барысында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған театрландырылған көрсетілім қойылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, жаңа үштомдықта Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы әңгімеленген. Жинақ майданға қатысқан ардагерлердің естеліктерінен құралған.
Бірінші томға бірегей басылым - «Рукописный журнал фронтовой бригады» енгізілген. Журналды 1945 жылдың сәуірінде оны құрастырушылардың бірі, алматылық Николай Антонович Работягов әкелген болатын. Алыста қалған жылдардың бұл көнекөз жәдігері кеңес жауынгерлерінің қалай тіршілік етіп, қалай соғысқанын баяндайды.
Екінші томда Қазақстанның барлық өңірлерінде тұратын қазақстандық жауынгерлер туралы журналистік материалдар жинақталып, «Сарбаз тағдыры» тарауымен ашылған.
Келесі бөлімнің атауы - «У войны не женское лицо», мұнда соғысқа қатысқан әйелдер туралы материалдар берілген. Соғыс жылдары майданда түрлі әскери құрамаларда 800 мыңнан астам әйел қызмет етті.
«Барлығы - жеңіс үшін!» бөлімінде тыл еңбеккерлері туралы әңгімеленеді.
Үшінші том «Әрдайым жүрегіміздесіздер!» деп аталатын үлкен бөліммен ашылады, мұнда соғысқа қатысушылар туралы олардың балалары мен немерелері айтқан естеліктер жинақталған.
Том «Майдан алаңынан жеткен өлеңдер» атты бөліммен аяқталады. Соғыс уақыты туралы ақындар Мұзафар Әлімбаев, Сағынғали Сейітов, Леонид Скалковский, Бақытжан Қанапьянов, Александр Белоцерковский, Олжас Сүлейменов, Раушан Бүркітбаева-Нүкенова және басқалар жыр толғайды.