Жеңіс Қасымбек «Астана-Павлодар» автожолының құрылыс барысын тексерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, салынып жатқан Астана-Павлодар автожол учаскесіндегі жұмыстың ұйымдастырылу деңгейін қадағалады. Сондай-ақ, мердігер ұйым өкілдерімен жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңіс Қасымбек «Астана-Павлодар» автожолының құрылыс барысын тексерді

Кеңеске «Қазавтожол» ҰК» АҚ мен оның Ақмола мен Павлодар облыстарындағы филиалдарының, «Ақмолажоллаборатория» және «Павлодаржоллаборатория» республикалық мемлекеттік мекемелерінің басшылығы, сонымен бірге, Астана-Павлодар автожолы жобасының құрылысына тартылған барлық мердігер ұйымдардың басшылары қатысты.

Қасымбек өз сөзінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бұл жобаның стратегиялық маңызын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, министр құрылыс жұмыстарын жоспарланған мерзімде және жоғары сапада жүргізу керектігіне тоқталды.

Кездесу барысында мердігерлердің техникалық жабдықтары, жол құрылысы материалдарын дайындау сияқты тағы басқа да мәселелер талқыланды.

Еске сала кетсек, «Астана-Павлодар» автожол учаскесінің ұзындығы 441 шақырым. Жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру кезеңі 2013-2018 жылдар. Қазірге дейін учаскенің 59 шақырымы пайдалануға берілген.