Жеңіс Қасымбек ауылдарды ауыз сумен қамтудың жаңа тетіктерін ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ауылды елді мекендерді ауыз сумен қамтудың жаңа механизмдерін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бекітілді. Осыған байланысты халықты орталықтандырылған сумен жабдықтау үшін қалаларды 100 пайыз, ауылдарды 80 пайыз деңгейде қамтамасыз етуіміз керек», - дейді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке ауылдарды ауыз сумен қамту үшін жыл сайын 100 млрд теңгеге дейін қаражат қарастыруды тапсырған. Аталған міндеттерді орындау үшін министр Өңірлерді дамыту бағдарламасына мынадай өзгерістерді енгізу қажет деп есептейді.
«Секторды одан ары дамытудың жаңа бағыттары мен жобаларды қаржыландырудың жаңа механизмдерін қарастыру қажет. Сондай-ақ, индикаторларды өзектендіру керек. Секторды одан ары дамытудың жаңа бағыттарына қатысты су арналарының өндірістік процестеріне кешенді технолоиялық жаңғырту жүргізу қажет. Біріншіден, сумен жабдықтау жүйелерін толық автоматтандыру керек. Екіншіден, бюджет шығындарын азайту мақсатында заманауи технологияларды қолданған жөн», - дейді министр.
Жеңіс Қасымбектің айтуына қарағанда, биыл жылдың соңына дейін министрлік «E-Shanyraq» бірыңғай инттеллектуалды ақпараттық жүйесін құруды аяқтайды.
«Сумен жабдықтау және су тарту секторын коммерцияландыру мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасында басталған қайтарымды қаржыландыру механизмдерін одан ары қолдану жалғасын табады. Бүгінгі күні ЕДҚБ әріптестік аясында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту бойынша жалпы құны 24,4 млрд теңге болатын 13 жобаны іске асырып жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек.