Жеңіс Қасымбек: Білім беру нысандары жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімдер 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының жылыту маусымына 100 пайыз дайындығын қамтамасыз етуі қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында жылыту маусымның қорытындысын шығарған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдағы 2018-2019 жылдары жылыту маусымына уақытында және сапалы дайындалу мақсатында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі жылыту маусымына дайындық жөніндегі жұмыс жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне: 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейін білім беру нысандарының 100 пайыз дайындығын, 2018 жылдың 15 қазанына дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала нысандарының, тұрғын үйлердің дайындығын аяқтап, автономдық қазандықтарды отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет», - деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, аталған жоспар әкімдіктерге жеткізілді және іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, министрлік өңірлердің жылыту маусымына дайындық барысына тұрақты мониторинг пен бақылау жүргізетін болады.
«Жылыту маусымының аяқталуына және алдағы жылыту маусымына дайындыққа байланысты әкімдіктерге: апаттық жағдайларға және нормативтік талаптарға жүргізілген талдауды есепке ала отырып, алдағы жылыту маусымына арналған жөндеу жұмыс жоспарларын әзірлеу және бекіту, барлық жөндеу науқаны мен жоспарланған іс-шаралардың толық орындалуын, коммуналдық сектор және әлеуметтік сала нысандарының барлығын алдағы жылыту маусымына уақытылы дайындауды қамтамасыз ету, жылыту маусымы үздіксіз жүруі үшін отынның қажетті нормативтік қорын жинақтауды қамтамасыз ету, жергілікті бюджеттен қажетті қаражат қарастыру, коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешекті азайту және ағымдағы берешектің өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты жандандыру қажет деп санаймыз», - деді министр.