Жеңіс Қасымбек командалық ауысу жайында: Ешкімді әкелмеймін
АСТАНА. ҚазАқпарат – Таяуда ғана елорда әкімі болып тағайындалған Жеңіс Қасымбек командалық ауысу болмайтындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін БАҚ өкілдері Астана әкімінен «командалық ауысу бола ма?» деп сұраған еді.
«Ешкімді әкелмеймін», - деп қысқа жауап берді Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар ол ЛРТ мен қаланы газдандыру мәселесіне тоқталды.
«Алдағы екі-үш жылда ЛРТ жобасы аяқталады.. Мәселе қаржыландыруда болып тұр. Газдандыру қарқыны тоқтамайды. Қазір жеке секторлардың бәрінде газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Талдыкөлге қатысты әзірге ештеме айта алмаймын. Жұмысқа кіріскеніме екі-үш күн болды. Сондықтан, белгілі бір уақыт өткен соң журналистермен кездесемін, әрбір мәселе бойынша кездесіп, ақылдасып отырамын», - деді қала басшысы.
Жеңіс Қасымбек Астананың проблемаларына да тоқталды.
«Проблема көп. Нақты біреуінен бастап, жұмысқа кірісемін деп айта алмаймын. Олардың бәрі маңызды. Қазір қала бойынша 47 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның жартысы - көп балалы отбасылар. Сол кісілердің мәселесін шешу қажет. Коммуналдық желілердің тозығы бар, оны шешу керек», - деді қала әкімі.