Жеңіс Қасымбек: Көппәтерлі үйлерді жөндеуге қосымша 30 млрд теңге бөлінеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы екі жылда көппәтерлі үйлерді жөндеуге қосымша 30 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үкіметке халықтың сапалы ауыз суға 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсаты жүктелді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 97 пайыз қала тұрғындары, 87 пайыз ауыл тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетін болады. »Нұрлы жер« бағдарламасына ауыз сумен қамтамасыз ету шараларында, »Ауыл - ел бесігі« жобасында анықталған өңірлік саясаттың басымдықтары ескеріледі», - деді ол бүгін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған Үкімет отырысында.
Вице-премьердің айтуынша, орталықтандырылған сумен халық саны көп және әлеуеті бар ауылдар басым тәртіппен қамтамасыз етіледі. Ал 200 адам тұратын елді мекендерде сумен жабдықтаудың локальді жүйелері қолданылады. «Республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдары осы мақсаттарға 250 млрд теңге қарастырылады», - деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар ол көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу мәселесіне де тоқталды.
«Республика бойынша қазіргі таңда 18 мың көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуді талап етеді. 2011 жылдан бастап 2015 жылға дейін осы мақсатқа 33,6 млрд теңге бөлінген. 2338 үй жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары қайтарымды қаражат есебінен жалғастырылады. Бұдан бұрын бөлінген қаражаттан жыл сайын 1 млрд 800 млн теңге қайтарылатын болады. 2012 жылдан бастап 2019 жылғы 2 тоқсандағы кезеңде қайтарылған қаражат есебінен барлығы 500 көппәтерлі үй қосымша жөнделді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы бағдарламаға 2 жылдың ішінде қосымша 30 млрд теңге бөлу керек»,- деді вице-премьер.