Жеңіс Қасымбек: Қытайлық компанияларда 95% қазақстандықтар жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайлық инвесторлар қаржыландыратын кәсіпорындарда 95% қазақстандықтар жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2010 жылдан бастап, Шетелдік инвестициялар жөніндегі қазақстандық уәкілетті органдар шамамен 650 жобаны қарастырды. Оның ішінде Еуропалық одақ инвесторлары – 185 жоба ұсынған, Ресей Федерациясы – 11, Түркия - 80, Қытай 55 жоба ұсынған.

«Ұсынылған жобалардың арасында заманауи технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін, ҚР азаматтары үшін жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететеін жобаларға басымдық беріледі. Осы принциптерге сүйене отырып, көрсетілген мерзімде 16,2 млрд АҚШ долларына 135 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 133 жоба – ЕО елдерімен бірлесіп жүзеге асырылды. Қытай Халық Республикасы да көптеген инвесторлардың бірі ретінде 15 жобаны қаржыландырды және Қазақстан бизнесімен бірігіп іске қосты», - деді Ж. Қасымбек.

Қазіргі уақытта Индустриализация және инвестициялар саласында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен 55 жобасы қарастырылған.

«55 жобаның 15-і ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, мұнай-газ, көлік және логистика сынды экономиканың түрлі секторларында іске қосылды. Жалпы 15 жоба 3,9 млрд АҚШ долларына бағаланған. Қазіргі уақытта бұл 15 жобада 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Қызметкерлердің 95 пайызы - Қазақстан азаматтары», - деді Ж. Қасымбек.

Мәселен, «СарыарқаАвтоПром» компаниясы Қытайдың JAC автокөліктерін шығарумен айналысады. Бұл – Қытай инвесторларына әрі қарай Ресейге, Беларусь, Өзбекстан нарықтарына шығатын алаң болып отыр. Бұл зауытта 100% Қазақстан азаматтары жұмыс істейді.

«Тайынша май» кәсіпорнын да Қытай қаржыландырғанымен, Қазақстан азаматтары жұмыс істейді. Жыл соңына дейін жоғары технологиялар қолданылатын тағы 5 бірлескен жоба іске қосылады. Мәселен, Алматыдағы құбыр шығаратын үлкен зауыт жыл соңына дейін ашылады. Жалпы осы кәсіпорындар аясында 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Мұнда да 95% астам жұмыс орны қазақстандық азаматтарға беріледі», - деп өз сөзін түйіндеді Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін Премьер-Министр орынбасары Қазақстанға инвестиция салған мемлекеттер туралы баяндаған еді.



Соңғы жаңалықтар