Жеңіс Қасымбек жаңа жолдардың сапасына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл сауалды Инвестициялар және даму министрлігіне қойып отырмын. Атап айтқанда, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға мемлекеттік мүлікпен сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемені орындауға 50 млрд теңгеге тарта қаржыны аударуға ниетті болып отырсыздар. Сонымен бірге компанияның 2016 жылдағы қаржылық жағдайы туралы тәуелсіз аудиторлық есепке сәйкес, ұлттық компанияның кепілдендірілген кірістері 187 млрд теңгеге жуық болды. 2017 жылы «ҚазАвтоЖол» сыбайлас жемқорлық дау-дамайына белшесінен батқанын көріп отырмыз, осы ретте пара беру, қомақты қаржыны жымқыру жағдайлары орын алды. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан нашар менеджмент пен жолдардың сапасына қатысты наразылық байқалуда. Бұл тұрғыда неге біз бюджеттен 50 млрд теңгені бөлеміз? Мүмкін шарттың талаптарын қайта қарастырудың уақыты жеткен шығар?», - деп сұрады депутат Айқын Қоңыров.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 50 млрд теңге «ҚазАвтоЖол» компаниясының қажеттіліктеріне емес, бұл қаржы республикалық маңыздағы жолдарды қайта салуға тартылған займдар бойынша бірлесіп қаржыландыруға бағытталатынын жеткізді. Халықаралық келісімдерге сәйкес, жоба құнының 15 пайызын Қазақстан республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыруға міндетті. Ал қалған 85 пайызы займдар есебінен іске асырылады.
Бұдан бөлек, Ж. Қасымбек аталған компания жобалар бойынша тапсырыс беруші болып табылатынын атап өтті.
«Жолдардың сапасына тоқталсақ, соңғы жылдары айтарлықтай кемшіліктер орын алған жоқ. Осы орада жобаларды сүйемелдеу бойынша өте қатаң нормаларды енгіздік. Сондықтан бүгінде жолдардағы жұмыстар айтарлықтай жоғары деңгейде жүріп жатқанын сеніммен айта аламын»,-деп түйіндеді сөзін министр.