Жеңіс Қасымбек жаңадан салынған жолдардың сапасы қалай тексерілетінін түсіндірді

«Бүгінде республикалық жолдар желісінің сапасын қадағалау тетігі көп сатылы деңгейде жүргізіледі. Бұл тұрғыда авторлық бақылау бар, содан кейін техникалық бақылау жұмыстарына мамандар жалданады. Егер де жобаны халықаралық банк қаржыландырса, онда компанияларды өздері жалдайды. Негізінен, халықаралық тәжірибесі мен мәртебесі бар ірі компаниялар жалданады. Олар тәуелсіз. Мысалы, жолдарда анықталған кез келген ақаулар олардың беделіне ықпал етеді. Сондықтан бұл компаниялар осы жұмыстарды қатаң бақылауда іске асырады», - деді Ж. Қасымбек.
Сонымен қатар министр халықаралық және жергілікті келісімшарттар бойынша 3-4 жылдық кепілдікті мерзім бар екенін атап өтті. Осы мерзімге есеп-шоттарда банктік кепілдік ұсталынады.
«Егер де аталған кепілдікті мерзімде жолда ақаулар анықталса, онда компания өзінің жеке қаржысына толықтай жөндеу жұмыстарын атқаруы қажет. Бұл тұрғыда тапсырыс берушіге нысанды жаңадан тапсырады. Сонымен бірге, қосымша кепілдікті мерзімдер ұзартылады», - деп түсіндірді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бұл қадағалау шаралары компанияларды бастапқыдан сапалы жұмыстарды жүргізуге ынталандырады.
«Бұл бағытта сот талқылаулары мен сапасыз құрылыс нысандары саны айтарлықтай азайғанын айта аламын», - деді Ж. Қасымбек.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың атап өтуінше, саланың басты проблемасы - ол жол жабындарының көтеру қабілетінің жылдам тозуы.
«Мәселен, күрделі әрі орташа жөндеуді талап ететін жалпы пайдаланымдағы жолдардың ұзақтығы 30 мыңнан астам шақырымды құрайды. Автожолдардың қауіпсіздігін арттыру және жай-күйін жақсарту үшін уақтылы жөндеу, сондай-ақ тиісінше күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу қажет. Бұдан басқа, бүгінгі таңда автожолдар желісін күтіп-ұстауға арналған техниканың болуы нормативтік қажеттіліктен 3 есеге аз. Оның үстіне, олардың 40 пайызы физикалық тұрғыдан тозған», - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұртай Сабильянов жол сапасына теріс әсер еткен негізгі себептерді атады. https://kaz.inform.kz/news/nurtay-sabil-yanov-zhol-sapasyna-teris-aser-etken-negizgi-sebepterdi-atady_a3386721