Жеңіс Қасымбек жолаушыларды әуежайлардағы тексеріске түсіністікпен қарауға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің пайымынша, әуежайлардағы жолаушыларды егжей-тегжейлі тексеру ЭКСПО-2017 кезінде қолайсыздау болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеңіс Қасымбек жолаушыларды әуежайлардағы тексеріске түсіністікпен қарауға шақырды

«Менің сұрағым азаматтық авиацияға қатысты,  нақтылап айтқанда әуежайда жолаушыларды тексеруге байланысты болып отыр. Қазіргі кезде мұқият тексеру жүргізілуіне көптеген азаматтар алаңдаушылық білдіруде. Себебі, аяқ киімді, сырт киімдерді шешуге мәжбүр етеді. Әрине, бұл қадамдар қауіпсіздік шаралары тұрғысында атқарылып жатқандығын түсінеміз, дегенмен осы бағытта заманауи технологияларды енгізу мүмкін бе? Себебі алдымызда  халықаралық дәрежеде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі келе жатыр. Осы орайда елімізге сапарлаған қонақтардың алдында ыңғайсыздық туындамай ма?»,-деп сұрады депутат Геннадий Шиповских Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында.

Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек шынымен де жолаушыларға аяқ киімді, сырт киімді, белдікті шешу ұнамайтындығын айтты.

«Бірақ қазіргі заманның талабы солай. Осы орайда қауіпсіздік тұрғысында көлік нысандарында бұндай тексеру қажет. Елбасының тапсырмасымен ең үлкен 9 әуежайға ағымдағы жылы қажетті жабдықтарды орнатамыз. Биыл бірінші кезекте Астанадағы жаңа терминалда соңғы буынды құралдар болады. Атап айтқанда, бұл құралдар ИКАО стандарттарына сәйкес келеді. Биыл тоғыз әуежай бойынша осы бағыттағы жұмыстарға бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінді»,-деді министр.

Осы орайда ол аталған жұмыстар әрі қарай жалғасатынын айта келе: «Дегенмен жолаушылар түсіністікпен қарауы керек. Бұл шаралар біздің емес, қазіргі заманның талабы болып отыр»,-деді.