Жеңіс күні ақмолалықтар майдангерлердің суреттерін ұстап шеруге шықты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 9 мамыр - Жеңістің 73 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара барысында соғысқа қатысқан майдангерлердің құрметіне акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Акцияға облыстың әр ауданынан келген соғыс пен тыл және еңбек ардагерлері, майданда шейіт болғандардың туған-туыстары қатысты. Акция барысында барлық қатысушылар соғысқа қатысқан туысқандары мен ата-әжелерінің суреттерін қолдарына ұстап Абай көшесінің бойымен Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне дейін жүріп өтті.
Айта кетейік, Ақмола облысынан соғыстың алғашқы алты айында 37 мың адам, ал соғыстың барлық кезеңінде 80 мыңнан астам адам шақырылған. Олар барлық майдандардағы шайқастарға, яғни, Мәскеу, Сталинград, Курск доғасы тәрізді өзге де ұрыстарға қатысқан 66 ақмолалықтың Кеңес Одағының Батыры атанғаны, оның ішінде 13 адам Даңқ орденінің толық иегері болғаны ақмолалықтардың ерліктерінен хабар бергендей.