Жеңіс күні - жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің жарқын үлгісі - К. Серікбаев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Полковник Ким Серікбаев. Ким ағаны танымайтын адам кемде-кем шығар. Әскери ғылымдар саласында диссертация қорғаған тұңғыш қазақ. 1992 жылы Жоғарғы Кеңесте Қазақстан Республикасының «Қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» тұңғыш заң жобасын қорғаған әскери ғалым. Өзі генерал болмаса да, талай генералды тәрбиелеген, биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Ким Серікбайұлы, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісіне берген қысқаша сұхбатында Қазақстанның Қарулы Күштерінің өткені мен бүгініне және Ұлы Жеңістің мән-мағынасына тоқталған еді.
- Ким Серікбайұлы, сіздің жүрегіңізде Отан қорғаушылар күні қандай орын алады?
- Егеменді ел болғаннан кейін, бұдан 22 жыл бұрын 7 мамырда Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы Елбасымыздың Жарлығы шықты. Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылған күні! Бұл күнді мен қазақ тарихындағы ерекше күн деп санаймын!
- Ким Серікбайұлы, Сіз Қазақстанның Қарулы күштерін құрудың бастауында тұрдыңыз. Сол жылдары қандай қызметтер атқардыңыз?
- 1992-1993 жылдары мен Қазақстан Республикасының Президенті аппаратында жаңадан құрылған қорғаныс бөлімінің басшысы болып қызмет атқардым. Президенттің, Үкімет басшысының тапсырмаларымен Қазақстанның Қарулы Күштерін құруға қажетті әскери заңдарды 3-4 айдың ішінде дайындау керек болды. Біз бұл міндеттерді абыроймен атқардық. 1992 жылы 21-22 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Қорғанысы және Қарулы Күштері» туралы заң жобасын Жоғарғы Кеңесте қорғап шықтық. Жоғарғы Кеңес ол заңды қабылдады. Бұл заң Қазақстанның Қарулы Күштерін құрудың «іргетасы» болды. Мен, Қарулы Күштеріміз мемлекетіміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген сенімдемін!
- Ким Серікбайұлы, бүгінгі өскелең ұрпақ арасында әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарына қандай баға берер едіңіз?
- Шынымды айтайын, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстары бұдан 20-25 жыл бұрын жоғары деңгейде болатын. Қазір бұл жұмыстар біршама босаңсып кетті.
- Не себептен?
- Өйткені орта және жоғары оқу орындарында әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстары әлі де болса өз деңгейінде емес. Бұл жерде Білім және ғылым министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып жұмыс атқарулары тиіс. Жастардың патриоттық рухын ояту үшін жаңа жобаларды әзірлеп, жүзеге асырған жөн. Жастар ертең елін қорғауға дайын азамат болып қалыптасулары үшін әскери-патриоттық тәрбиенің маңызы зор.
- Ким Серікбайұлы, еліміз Ұлы Жеңістің 69 жылдығын атап өтеді! Осы мереке жайында пікіріңізді білгіміз келеді.
- Мен мынаны айтқым келеді. Біз бұл мерекенің маңызын, мәнін қашанда айтып, түсіндірумен келеміз. Бірақ, шындығын айту керек, соңғы кездері «Бұл мерекенің керегі қанша?», «Оны атап өтіп не керек?», «Бұл Сталин мен Гитлердің соғысы, қазаққа еш керегі жоқ соғыс» - дейтін азаматтар шығып жатыр. Бұл тарихқа, отан қорғау мәселесіне жасалған қиянат! Сол үшін, жастар арасында осы Жеңістің мән-мағынасы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл Жеңіс - жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің жарқын үлгісі! Жастарымыз Ұлы Отан соғысында жауға атой салған батырларымызға қарап, солардың ерлік істеріне қарап бой түзейді.
- Осы ұлы мереке қарсаңында отандастарыңыза айтар тілегіңізді білдірсеңіз!
- Біз - бейбіт халықпыз! Біз - бейбітшілікті қастерлейтін халықпыз! Кешегі Ұлы Отан соғысында аға-апаларымыз қан майданда, тылда ерліктің теңдессіз үлгілерін көрсетті. Адамзатты фашизмнен құтқарды! Бүгінгі сапта тұрған сарбаздарға: сол аталарыңа ұқсаңдар, еліміздің мықты қорғаушылары болыңдар деген тілегімді айтамын. Ал ардагер аға-апаларымызды осы ұлы мерекемен құттықтаймын! Оларға зор денсаулық тілеймін! Балаларының, шөберелерінің алдында өмір сүре берсін!
- Әңгімеңізге көп-көп рахмет!