Жеңіс күніне арналған шаралар Жәнібек ауданында да өткізілді
ОРАЛ. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіс күніне арналған шаралар облыс орталығынан шалғай орналасқан Жәнібек ауданында да өткізілді.
Жәнібек - Сталинград майданына байланысты соғыс жағдайында деп жарияланған екі ауданның бірі. Сондықтан мұнда соғыс іздері әлі сайрап жатыр. Бауырластар зиратында 1942-1943 жылдары Жәнібек ауылындағы 1584-ші эвакогоспитальде ауыр жарақаттан қайтыс болған 93 жауынгердің мәйіті мәңгілік жер қойнауында жатыр. Жеңіс күніне орай осы зиратқа гүл шоқтары қойылды.
Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қарашин бастаған жұртшылық өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагерлері Андрей Присташ пен Ғазез Иманғалиевтің үйіне барып, аудан әкімінің алғысхаты мен ескерткіш сыйлық табыс етті.
Жәнібек ауданында 9 мамыр - Жеңіс күніне орай аудан активінің өкілдері майданда Отан үшін қасық қанын аямай, сұрапыл шайқаста қаза тапқан жауынгерлер ерлігін ұлықтау рәсімі кезінде Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова мен ауған боздақтары ескерткішіне, «Мәңгілік алау» орналасқан алаңға құрмет ретінде гүл дестелерін қойып, ел үшін құрбан болған сарбаздар рухы 1 минут үнсіздікпен еске алынды.
Кейін салттантты митинг өткізіліп, аудан әкімі Берік Есенғалиев барша тұрғынды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Орталық алаңда ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2036-әскери бөлімі, аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері мен Жәнібек колледжі, №1 және Т.Жароков атындағы орта мектеп оқушыларынан жасақталған құрамалардың қатысуымен әскери шеру ұйымдастырылды. Сонымен бірге сахнада ақын Дәулеткерей Құсайыновтың «Брестегі жәнібектік жауынгер» (М.Нығматуллин құрметіне шығарылған) балладасы желісінің негізінде театрландырылған көрініс қойылды. Қойылымнан соң, мерекелік концерт кезінде аудан өнерпаздары Отан, туған ел турасында патриоттық әндер шырқады. Сарбаздар қимылы, бейбітшілік тынысын бейнелеген билер биленіп, арнау өлеңдер оқылды.
Басқа да аудандарда осындай шаралар ұйымдастырылды.