«Жеңіс рухы» ән байқауының жеңімпаздары гала-концерт берді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат-Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры ғимаратында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс рухы» атты қалалық ән байқауының жеңімпаздары марапатталды.
«Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған бұл байқау қаламызда тұңғыш рет жоғары оқу орындары арасында өткізілді. Оған барлығы 20 білім беру мекемелерінен 50 студент қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Бұл шараны өткізудегі басты мақсат - ата-бабаларымыздың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктерін паш ете отырып, бүгінгі жастардың бойында отанға деген сүйіспеншілік сезімді, патриоттық рухты қалыптастыру. Енді алдағы уақытта бұл байқауды жыл сайын өткізіп тұруға күш саламыз», - деді өз сөзінде Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова.
Сонымен қатар, Бибігүл Нұрғалиқызы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының байқауға қатысушыларға арнаған құттықтауын оқып берді.
«Ән мен музыка халықтың, заманның рухымен өрілері анық. Соғыс жылдарының әндері және сол сұрапыл соғысқа арналған әндер әр түрлі тақырыпта болып келеді. Бірақ оларды біріктіретін - адалдық пен сезімталдық. Сол себептен бұл әндер - халық мұрасы. Сондықтан да олар ешқашанда ұмытылмайды! «Жеңіс рухы» байқауының қатысушыларына шығармашылық қуат пен табыстар тілеймін», - делінген құттықтауда.
Айта кетелік, байқау үш кезеңде өткізілді. Өткен айдың 10 сәуірінде аяқталған бірінші кезеңде жоғары оқу орындары өз студенттері арасындағы үздік орындаушыларды анықтады. Ал 28 сәуірде өткен екінші кезеңде барлық жоғары оқу орындарының үздік орындаушылары финалға шығу үшін бақ сынасты. 29 сәуірде болған ақтық сында жеңімпаздар анықталды.
Ал бүгінгі шарада жеңімпаздар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың бас жүлдесін - естелік кубок пен 100 мың теңгелік сыйақыны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Абай Шүйіншәли жеңіп алды.
Марапаттау рәсімінен кейін жеңімпаздардың гала-концерті болды.
«Жеңіс рухы» ән байқауының басты ұйымдастырушысы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. Байқауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры қолдау көрсетті.