Жеңіс тойын тойлауға зор үлес қосқан жанкүйерлерге үлкен алғыс білдіремін - «Шахтердің» бас бапкері В. Кумыков
АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше елордадағы «Астана-Арена» стадионында футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу сынының ақтық кезеңінде Шотландия чемпионы «Селтикті» 2:0 есебімен ұтқан қарағандылық «Шахтердің» бас бапкері Виктор Кумыков матч соңындағы баспасөз мәслихатында топтық кезеңге шығуға шотландықтардың мүмкіндіктері әлі де басымырақ деп есептейтінін айтты.Бұл туралы Sports.kz хабарлайды.
- Селтик секілді азулы қарсыласты екі доп айырмасымен ұтамыз деп ойладыңыз ба?
- Барлығын да ойлай беруге болады. Біз бүгінгі матчқа көп дайындалдық. Ойдағы жоспарымызды толығымен жүзеге асырдық.
- Жеңістің ауылы жақын екенін қашан сезіндіңіз?
- Хижниченко гол соққанда, біздің жеңіске жететінімізді түсіндім. Алайда қарсылас ойынның соңында шапшаң футболшыларды алаңға жіберді, сондықтан есепті ұстап тұру оңайға түспеді. Өз алаңымызда доп жібергіміз келмеді.
-Бүгін «Шахтер» жоғары қарқынды сапалы ойын өрнегін көрсетті. Елімізде еуропалық деңгейдегі ұжым пайда болды деп айтуға негіз бар ма?
- Біртіндеп пайда бола бастады. Осы бағытта жұмыс істейтін болсақ, міндетті түрде пайда болады.
- Он екінші ойыншы бүгін қаншалықты көмектесті?
- Әрине көп көмектесті. Мен стадион толса, біздің жеңіске жетуге мүмкіндігіміз үш еселенеді деп бұған дейін де айтқан болатынмын. Бүгін жеңіс тойын тойлауға зор үлес қосқан жанкүйерлерге үлкен алғыс білдіремін.