ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Ержүрек Әлия соғыстан тiрi қайтқанда осы көйлектi киiп жүрер едi ғой...

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде №891 мектепте батыр қызға арнап музей ашылған. Музейде Әлияның өмiрiне қатысты жәдiгерлiк заттар: қазақ қыздары киетiн ұзын жең, кең етектi бүрмелi көйлек пен әдемi ою-өрнектi камзол, бiр бау бидай, пилотка мен снайпер мылтығының оғы, т.б. қойылған, деп жазады «Алматы ақшамы» газеті. «ҚазАқпарат» ХАА оқырманы назарына аталған мақаланың толық нұсқасын ұсынып отыр.

ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Ержүрек Әлия соғыстан тiрi қайтқанда осы көйлектi киiп жүрер едi ғой...

Мәскеуде Әлия Молдағұлова атындағы көше және сол көшенiң бойында батыр қыздың атындағы мектеп бар. «Алматы ақшамында» жарияланған саяси шолушымыз, белгiлi журналист Ә.Амангелдiнiң «Мен көрген министр» (7.05.2015) атты мақаласында мынандай дерек кездеседi. «...№891 мектеп. Мектепте батыр қызға арнап музей ашылған. Музейде Әлияның өмiрiне қатысты жәдiгерлiк заттар: қазақ қыздары киетiн ұзын жең, кең етектi бүрмелi көйлек пен әдемi ою-өрнектi камзол, бiр бау бидай, пилотка мен снайпер мылтығының оғы, т.б. қойылған...».

Осындағы жәдiгерлiк заттардың iшiнен қазақ қыздары киетiн ұзын жең, кең етектi бүрмелi көйлек пен әдемi ою-өрнектi камзол ерекше назар аудартады. Әлия киген ұзын жең, кең етектi бүрмелi көйлек пен әдемi ою-өрнектi камзолды мереке, әсiресе, наурыз күндерi болмаса, сiз қазiр мектепте не болмаса оқу орнында Әлия киген көйлек пен камзол киiп жүрген жасты көрдiңiз бе? Жарайды, мектепте рұқсат етiлмейдi екен, оның өз киiм формасы (оны киiп жүргенiне де күмәндiмiн) бар делiк. Ал ендi, көшеге киiп шықсаңыз, бiреу шешiп алмайды ғой. Ержүрек, намысты қыз Әлия соғыстан тiрi қайтқанда осы көйлектi киiп жүрер едi ғой деп ойлайсың. Өйткенi, ол ұлт намысын бiрiншi кезекте ойлайтын жас едi. Бiреулердiң заман басқа, заң басқа, қазiргi жастар басқа ғой дейтiндерiн бiлiп отырмын. Бiз осылай сөйлеуге әбден үйренiп алғанбыз. Бiздi құртатын да осы сөз. Болмаса өзгеге емес, өзiңе ұқсап жүргенге не жетсiн! Көшеге шығыңызшы, шұрқ-тесiк джинси, шолақ шортик, ашылған кiндiк, шашылған шаштан басқа не көресiз.

Р.S. Бiр заманда музейден ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың етiгiн көрiп қатты толқығаным бар едi. Содан кейiнгi толқуым осы. Орыстар мұражайға қоюға батыр қыздың көйлегiнен басқа қоятын нәрсе таба алмай қалды дейсiз бе? Бәлкiм, қазақтар ұлттық киiмдерiн ендi тек музейден ғана көретiн болады деп ойлады ма екен. Кiм бiлсін?!

Қали Сәрсенбай