ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Соғыста хабарсыз кеткен ақмолалық Мұсабек Қожахметовтың өлеңмен жазылған хаты (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы көптеген жерлестеріміздің өмірін қиды. Тіпті, кейбірі майданнан хабарсыз кетті. Олардың тағдыры әлі күнге шейін беймәлім болып отырған жайы бар. Тек артында қалған,елдегі туған-туысқандарына жолдаған бір жапырақ хат-хабарлары ғана сақталған. Соның бірі, Зеренді ауданындағы Қарашілік ауылынан майданға аттанып, кейін хабарсыз кеткен Мұсабек Қожахметовтың ата-анасы мен туған бауырларына, ел-жұртына өзінің амандығын айтып, сәлемін жолдаған өлең-хаты дер едік. Бұл хатты Зеренді ауданы Красиловка ауылынның тұрғыны фольклортанушы терең білгірі және дауысы әдемі, орындау шеберлігі жоғары әнші Ғазиза Тілеуовадан (1935-1989жж.өмір сүрген) жазылып алынған екен. Кейін 1995 жылы Алматыда тұратын жазушы Мағира Қожахметова бұл әннің авторы Мұсабек Қожахметовтың Сталинград шайқасында қаза тапқан өзінің ағасы екенін айтқан. Бұл өлең «Өртеңге өскен қызғалдақтар...» атты Ұлы Отан соғысы кезінде шығарылған хат-өлеңдер жинағында жарық көрген.
Өлең жолдарын «ҚазАқпарат» оқырманына ұсынамыз.
Мен бүгін қалам алдым қапаланып, Өмірден бейнет көріп жүрмін талып. Түстім ғой жастық шақта мұндай күйге, Көрерміз қызық күнді қайда барып.
Кім ғарып осы күнде - халық ғарып, Күн кешкен жылап-сықтап, арып-талып. Шыққан соң ұзақ-ұзақ сәлем жазам, Арттағы ел жұртымды еске алып.
Бірінші әлпештеген әке-шешем, Бұл күнде жүрсіздер ме аман-есен? Жазайын туған жерге жалпы салем, Өлеңге болмасақ та жүйрік шешен.
Хат жазам Балапия қарындасқа, Ей, Алла, өлім берме біздей жасқа. Атадан алтау болып тусақ тағы, Жалғыздық келеді екен шіркін басқа.
Бауырым хат жазайын, Ғазиз інім, Көзіңнен айналайын, алтын күнім Әскерге мен кетерде көп жылап ең, Бұл күнде қандай екен сенің түрің?
Хат жазам туған аға Дәулетбекке, Дәм айдап өз елімнен шықтым шетке. Алдымда ата-ана реніш көрсе, Көңілімді қалдырғаның қалың дертке.
Анадан бірге туған апатайым, Күн санап ой түседі өскен сайын. Темірдей тәртібі бар ойындамыз. Осылай сұрағанға менің жайым.
Бұл міндет Отан үшін амалым жоқ, Елдегі еркін өскен заманым жоқ. Айтысқан жақсы-жаман құрбыларым, Бұл күнде іштерінде жаманың жоқ.