ЖЕҢІСКЕ ДЕЙІН 15 КҮН: Аты аңызға айналған Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны Берлин көшелеріндегі шайқаста ерлік көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тура 70 жыл бұрын, 1945 жылдың 24 сәуір күні Ұлы Отан соғысының 1403-ші күні жүріп жатқан еді. Жеңіске дейін 15 күн қалған. «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандардың назарына сол күнгі оқиғалар желісін ұсынады.

ЖЕҢІСКЕ ДЕЙІН 15 КҮН: Аты аңызға айналған Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны Берлин көшелеріндегі шайқаста ерлік көрсетті

Шығыс Пруссия операциясы (1945). 24 сәуірде 3-ші Беларусь майданының 11-ші гвардиялық армиясы Пиллау қорғанында неміс жасақтарының қалған бөлігін қоршап алды.

Берлинді шабуылдау операциясы. 24 сәуір күні 1-ші Беларусь майданының 2-ші гвардиялық танк армиясы Берлин-Шпандауэр-Шиффартстан өтті. 3-ші екпінді армия ұрыс жүргізіп, Берлиннің орталығына жақындады, қала түбіндегі Рейникендорфты басып алып, Фолькс саябағы ауданындағы Берлин-Шпандауэр-Шиффартс арнасының солтүстік жағасына шықты. 5-ші екпінді армиясы қарсыласпен Силез вокзалынан батыс жағында шайқасқан. 8-ші гвардиялық армия солтүстік батысқа қарай шабуыл жасауға дайындалып, сағат 10:30-да 1-ші Украина майданының 3-ші гвардиялық танк армиясымен Шенефельд ауданында қосылды. 33-ші армия Одер - Шпрее арнасына өтіп, 14-20 шақырымға алға жылжыған, сағат 18:00-ге қарай оның күштерінің бір бөлігі Шпрееден өтті.

1-ші Украин майданының 3-ші гвардиялық танк армиясы Тельтов арнасына өтіп, жаудың Берлин орталығын қорғаған ішкі қорғаныс қоршауын бұзып, қалаға басып кірді...

24 сәуір күні күндізгі уақытта генерал Венктің 12-ші армиясы Беелитц - Трёйенбрицен учаскесіндегі бірінші танк шабуылдарына кірісіп, сол арқылы 5-ші гвардиялық механизацияланған корпус пен 13-ші армия бөліктерінің позицияларынан өтпекші болған, бірақ көп күшінен айырылып, табысқа жете алмады. Венк армиясының шабуылдарына тойтарыс берген 13-ші армия Эльба жағалауының бойымен батысқа қарай жылжыған. Күн соңында 13-ші армия бірнеше шақырым алға жылжып, Виттенбергтің шетіне шықты.

1945 жылдың 24 сәуірінде майор, Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны жаудың табанды қарсылығына төтеп беріп, Берлин қаласына басып кірді. Шеберлікпен басқарылған батальон қала көшелерінде жүргізілген күрделі ұрыстарда 450-ден астам гитлершілерді өлтіріп, 1 560 адамды тұтқынға алды, он тірек пунктінің көзін жойды. Бұл шайқаста майор Нұрмағамбетов жараланды...

Гитлердің бұйрығын орындаған генерал Венк 1-ші Украин майданы жасақтарының сол жақ қапталына батыстан шабуыл жасаған. Бірақ, Берлинді құтқармақ болған армия бірінші ұрыстардың өзінде көп күшінен айырылып, көздегеніне жете алмады.

Империя канцеляриясы бункерінде отырған Гитлер Венк армиясының шабуылы туралы есеп беруді қайта-қайта талап етті...

Берлинге Бүкілодақтық радионың арнайы бригадасы келді. Олардың көшелердегі ұрыстар туралы пленкаға жазып алған репортаждары бірден Мәскеуге жолданды...

Біздің Жеңісімізге дейін 15 күн қалды.