ЖЕҢІСКЕ ДЕЙІН 23 КҮН: Берлинге беталыс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тура 70 жыл бұрын, 1945 жылғы 16 сәуір, Ұлы Отан Соғысының 1395-ші күні. Жеңіске дейін 23 күн қалды. «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына сол сұрапыл жылдардың оқиғалар жылнамасын ұсынады.

ЖЕҢІСКЕ ДЕЙІН 23 КҮН:   Берлинге беталыс

1945 жылы 16 сәуірде К.К. Рокоссовскийдің 2-ші Беларусь майданы, Г.К. Жуковтың 1-ші Беларусь майданы және И.С. Коневтің 1-ші Украин майданының Берлинге қарсы стратегиялық шабуыл операциясы басталды, ол 16 сәуірден 8 мамырға дейін жалғасты. Бұл операция аясында Штеттин-Росток, Зелов-Берлин, Котбус-Потсдам, Штремберг-Торгау және Бранденбург-Ратенов шабуыл операциялары жүргізілді. Берлинге қарсы шабуылға генерал-майор В.М. Шатилов басқарған 150-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Бұл дивизия ҰОС жылнамасына алтын әріппен жазылды, себебі оның сарбаздары Егоров пен Кантария рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Алайда бұл құраманың негізі қазақстандық Қостанай қаласында құрылған 151-ші атқыштар бригадасы екенін көпшілік біле бермейді.

151-ші жеке атқыштар бригадасының тарихы 1941 жылғы 21 желтоқсанда басталған. Бұл күні офицерлер тобы мен саяси қызметкерлер бөлімшені құруға кірісті. Бригада командирі болып подполковник Леонид Васильевич Яковлев тағайындалды. Құраманың офицерлік құрамын түрлі училищенің түлектері құрады. Қатардағы жауынгер мен сержанттар құрамы Қазақстаннан, Сібірден, Оңтүстік Оралдан шақыртылды.

1943 жылғы қыркүйекте Ильмень көлінің қорғаныс шекарасындағы 151-ші жеке атқыштар бригадасы басқа екі бригадамен бірге 150-ші атқыштар дивизиясы болып қайта ресімделді. Дивизия командирі полковник Яковлев болды.

Кейіннен Балтық маңындағы «Пантера» желісін ойдағыдай еңсеріп, Идрица қаласын басып алғаны үшін Жоғары бас қолбасшылықтың 1944 жылғы 23 шілдедегі бұйрығымен дивизияға «Идрицалық» құрметті атауы берілді. Берлинге басып кірген алғашқы атқыштар дивизиясының ішінде 150-Идрицалық болғаны белгілі. Жоғарғы бас қолбасшылықтың 1945 жылғы 11 маусымдағы бұйрығымен дивизияға «Берлиндік» атауы берілді. 1946 жылғы желтоқсанда дивизия таратылды. 151-ші атқыштар дивизиясының құрметіне Қостанайда Гвардейская, Л. Яковлев және И. Сьянов көшелері бар.

1945 жылғы 16 сәуірде Кеңес ақпарат бюросы деректері бойынша Кенигсбергтің солтүстік-батыс және батыс қалалары Земландия түбегінде 3-ші Беларусь майданының әскері шабуылды сәтті жалғастырып жатты. Қарсылас Фишхаузен қаласы мен Пиллау портын паналап, жан аяспай қарсыласып бақты. Кеңес жаяу әскері мен танкистері артиллерияның мықты қолдауымен неміс қорғанысын бұзып өтті. Бұл күні 40-тан астам елді мекен басып алынды, оның ішінде Гермау, Повайен, Ротенен, Зальтникен, Годникен, Бонду, Каллен, Гайдау, Гросс-Блюменау, Форкен, Коббельбуде бар.

Чехославакия аумағында 2-ші Украиндық майдан әскері қарсыласқан жаудың екпінін ойдағыдай еңсеріп, Дыйе өзеніндегі немістердің маңызды қорғаныс тірек пункті - Брежславты иеленді. Қарсылас қаланың ескі бекінісін нығайтып, оған доттар мен дзоттар орнатты. Немістер көше ұрысына әзірленді. Олардың бұл қарсылығына да тойтарыс бере отырып, кеңес әскері Брежславтың солтүстік-шығысына басып кіріп, көше ұрысын жалғастырып кетті. Бұл уақытта біздің басқа да бөлімдер Дыйенің балшықты жағалауынан өтіп, қаланың оңтүстік жағына шықты. Немістер біздің әскерді қаладан тықсырту мақсатымен оқ жаудыртуды тоқтатпады, айқас түні бойы жалғасты. Біздің әскер қаланың шығыс бөлігін жаудан тазартып, артиллериялық атысты жалғастыру арқылы өзенді кесіп өтіп, кескілескен айқаспен қаланың батыс бөлігін де басып алды.

Сондай-ақ Новая Лгота, Велка, Липов, Шардице, Товораны, Чейч, Бру-Мовице, Горные Бояновице, Старовичкы, Заечи, Раквице елді мекендерін басып алды...

Бұл уақытта Австрияда Венаның батысында 3-ші Украиндық майдан әскері айқасып жүріп, Дунайдың оңтүстік жағалауына өтті. Кеңес әскерлері Санкт-Пельтен қаласын, сонымен бірге бірқатар елді мекендерді басып алды. Грацтың шығыс қалаларында жүруі қиын тау-орманды жерлерде әрекет еткен біздің әскер Лафнитц өзенінен өтті. Жау жағы беріспей, қарсыласып бақты. Алайда кеңес әскері немістердің қорғанысын бұзып, Грацтың шығысынан 45 шақырымда орналасқан Фюрстенфельд қаласын басып алды.

1945 жылғы 16 сәуірде Берлин радиосы мынадай хабар таратты: «Фюрстенфельд ауданында герман әскері ерекше ерлікпен ұрысты тағы да сәттілікпен аяқтады». Ал бұл хабар таратылып жатқан уақытта немістер Фюрстенфельд қаласынан қуылып, кеңес әскерінің соққысымен батысқа қарай бытырай қаша бастаған болатын...

Жеңіске 23 күн қалды.

Тоқаев
Ұқсас жаңалықтар

Басқа таңдау жоқ: не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз — Президент