ЖЕҢІСКЕ ДЕЙІН 28 КҮН: Тұтқындардың көтерілісі және Бухенвальд өлім фабрикасының құлауы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 70 жыл бұрын, 1945 жылы 11 сәуірде ҰОС-ның 1390-шы күні болған. Жеңіске дейін 28 күн қалды. «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына сол кездегі хрониканы ұсынады.

ЖЕҢІСКЕ ДЕЙІН 28 КҮН: Тұтқындардың көтерілісі және Бухенвальд өлім фабрикасының құлауы

11 сәуірде БҰҰ шешімімен Халықаралық фашистік концлагерьлердегі тұтқындарды босату күні аталып өтіледі. 1945 жылы бұл күні Бухенвальд концлагерінің тұтқындары көтеріліс ұйымдастырып, азаттық алды.

Бухенвальд - Тюрингиядағы Веймар қаласының маңында салынған Германия аумағындағы ірі концентрациялық лагерьлердің бірі.

1945 жылы 11 сәуірде Бухенвальдке америкалық әскер жақындағанда онда көтеріліс басталып, тұтқындар лагерьді жаулап ала алды. Бухенвальд аумағы КСРО-ға берілгеннен кейін, 1945 жылдың тамызында онда № 2 НКВД арнайы лагері ұйымдастырылды. Кеңестік мұрағаттардың мәліметтеріне қарағанда, лагерь таратылғанға дейін онда 7000 астам тұтқын қаза тапты.

Бухенвальд ең ірі өлім фабрикасы болған. Лагерьден 18 ұлттың 238 мың 380 адамы өткен. Олардың 56 мың 549 адамы қаза тапты.

1945 жылы 11 сәуірде гвардия сержанты Тастандиев Тайыр Бүркітбайұлы үшінші мәрте 3-ші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

1945 жылы 11 сәуірде Шығыс Пруссия операциясы барысында Кеңес Одағының Маршалы, Бас штаб бастығы Александр Василевский Земланд жартылай аралында қоршауға алынған жауға бір тәулік ішінде қаруларын тапсыруды талап етті.

«Неміс офицерлері мен сарбаздары! Егер сіздердің басшылықтарыңыз бұл ультиматумды қабылдамаса, не істейтіндеріңізді өздеріңіз шешіңіздер. Өмірлеріңізді құтқару үшін, тұтқындыққа беріліңіздер!» - деді ол. Алайда жауап қайтпады.

Кеңестік ақпарат бюросының мәліметтеріне қарағанда, 1945 жылы 11 сәуірде Ружомберок қаласының батысына қарай орналасқан Карпатта кеңес әскері чехословак және румыниялық әскерлермен бірге қала мен Святая Мартин темір жол стансасын және Врутки теміржол стансасын басып алды... Братиславаның Солтүстік-батысына қарай 2-ші Украина фронты Австрия аумағындағы Дюрнкрут, Штилльфрид, Оллерсдорф елді мекендеріне қол жеткізді... Венада 3-ші Украина фронтының әскері Дунайский каналынан өтіп, канал мен Дунай өзені орналасқан қала ауданының оңтүстік-шығыс бөлігін жаулады...

Біздің Жеңіске дейін 28 күн қалды.